"Барыс" жеңісті уысынан шығарып алды
Ойын елордалық команда үшін аса сәтті басталды. Бірінші кезеңнің өзінде-ақ "Торпедо" қақпасына үш шайба тоғытып тастады. Патрис Кормье, Павел Акользин мен Мэтт Фреттин мергендік танытты.
Екінші кезеңде ресейлік команданың ойыны алға басты. Бірден шайба соғып, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Бірақ төрешілер видеоқайталауды көргеннен кейін, шайбаны есепке алған жоқ.
31 минутта қорғаушы Антон Волченков "Торпедоның" ойындағы алғашқы шайбасын соқты. Ал 37 минутта Михаил Варнаков есепті қысқартты.
Үшінші кезеңде үш шайба соғылды. 50 минутта "Барыс" сапынан Кертис Волк нәтижені еселегенде жеңіс елордалық команданың еншісіне ауғандай көрінген. Алайда мұз айдын иелері негізгі уақыт аяқталғанша есепті теңестіре білді. Дамир Жафяров пен Денис Паршин бағыттаған шайбаларды "Барыс" қақпашысы Доминик Граховина қайтара алмады.
Бірінші овертаймда командалар жеңімпазды анықтай алған жоқ. 95 минутта "Торпедо" хоккейшілері екі ойыншы басымдығын ұтымды пайдаланып, жеңісті шайбаларын соқты. "Барыс" жеңісті уысынан шығарып алды.
Төрт ойыннан кейін екі команда арасындағы жалпы есеп (2:2) теңесті. Плей-оффта төрт рет жеңіске жеткен команда келесі кезеңге өтеді.
"Барыс" пен "Торпедо" арасындағы бесінші ойын 6 наурыз күні Астанада өтеді.