«Барселона» Чемпиондар лигасынан шығып қалды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ vk.com

Жартылай финалға шыққан екі клуб кеше белгілі болған еді. Мадридтік «Реал» өз алаңында «Вольфсбургті» ірі есеппен жеңіп келесі кезеңге шықса, ағылшындық «Манчестер Сити» қос ойын қорытындысы бойынша Париждің «ПСЖ» клубынан үздік шыққан болатын. Бүгін бұл қатарды мадридтік екінші бір клуб «Атлетико» мен мюнхендік «Бавария» толықтырды.

«Барселона» «Атлетикодан» айласын асыра алмады

Каталондық «Барселона» ширек финалда сүрінді. Бір апта бұрын 2:1 есебімен жеңіске жеткен Луис Энрике шәкірттерінің Мадридте жолы болмады, немесе «Атлетикоға» азуын батыра алмады.

«Атлетико» каталондық клубқа қарсы қалай ойнау керек екенін жақсы білетін ұжымдардың бірі. 2014 жылы да Диего Симеоне командасы «блаугрананы» сүріндірген еді. Бірақ, ол кезде қол клубтың жолы жартылай финалда түйіскен болатын.

Мадридтік клуб «Барселонаны» екі доп басымдығымен ұтты. Тартысқа толы өткен ойында екі голды да Антуан Гризманн соқты. Бірінші голын 36 минутта баспен соқса, екінші голын ойын аяқталар тұста пенальтиден орындады. Каталондық клуб тайлы-тұяғымен шабуылға ұмтылғанмен, «Атлетико» қорғанысын бұза алмады. Нәтижесінде қос ойын қорытындысы бойынша (3:2) мадридтік клуб жартылай финалға шықты.

 «Бенфика» қарымта ойында жеңілмеді

Лиссабондық «Бенфика» өз алаңында өткен қарымта ойында мюнхендік «Бавариямен» тең ойнады. Бірінші болып Рауль Хименес алаң иелерін алға шығарғанмен, Хосеп Гвардиола шәкірттері жартылай финалға шығу мүмкіндіктерін уыстарынан шығармады. Бірінші тайм аяқталғанша, Артуро Видаль таразы басын теңестірсе, екінші тайм басында Томас Мюллер мюнхендік клубты алға шығарды. 76 минутта Талиска есепті теңестірді. Одан кейінгі аралықта таблодағы есепке өзгеріс енбеді. Нәтижесінде қос ойын қорытындысы бойынша (3:2) «Бавария» жартылай финалға шықты.  

Айта кетейік, мадридтік «Атлетико» мен лиссабондық «Бенфика» топтық кезеңде «Астанамен» бір топта ойнаған болатын. 

Жартылай финалдың жеребе тастау рәсімі жұма күні өтеді.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама