Балқашта ММА Nomad-тан Қазақстан чемпионаты өтті
Чемпионатта 45 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Сондай-ақ 5 салмақ дәрежесі бойынша ересектер тобы да бақ сынады. Жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысы бірінші орынды иеленді. Одан кейінгі орындарды Қостанайдан және Ақтөбеден келген спортшылар еншіледі.
Жарыстың алғашқы күні іріктеу жекпе-жектері мен жартылай финалдық кездесулер өтті. Финалда тек жеңімпаздар ғана анықталмай, спортшылардың ұлттық құрама сапына ілігу мүмкіндігі де тұрды.
- Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы және Қазақстан ММА Біріккен Федерациясына зор алғысымды білдіремін. Сондай-ақ ұлттық құраманы Тайландта өткен Азия чемпионатында жоғары жетістікке жетуімен құттықтаймын. Бұл бірлесе жасаған жұмыстың нәтижесі, әрі жастарды ынталандыра түсті. Мұндай нәтижеге өсіп келе жатқан ұрпақ та қол жеткізе алады деп ойлаймын. Олар тамаша жетістік шыңын бағындыра алады. Біздің құрама мықтылығын мойындатып, жастарға үлгі бола білді, - деді республикалық Nomad MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев.
Nomad стилі жарысының негізін қалаушы Сергей Ан жарыста бірде-бір спортшы жарақат алмағанын айта кетті.
- Балқаштағы ММА Nomad-тан Қазақстан чемпионаты аса жоғары деңгейде өтті. Жас болса да спортшылар өздерінің шеберліктерін таныта білді. Жарыс барысында бірде-бір қатысушы жарақат алған жоқ. Бұл мен үшін үлкен жетістік те. Бұл стильде қалыптастыруда балалардың жарақат алмауына баса мән бергенмін, негізі, - деді Ан.
Жарыстың бас төрешісі Владислав Дю ММА Nomad-тан ел чемпионаты Елбасы жариялаған биылғы Жастар жылына орайластырып ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
- Бұл республикалық турнир қазан айында Алматыда өтетін Азия чемпионатына іріктеу де болды. Қазақстан ММА Біріккен Федерациясы аралас жекпе-жектен ұлттық стилдегі спорт түрін таныту мен Олимпиада деңгейіне жеткізуге дейін барын салады, - Қазақстан ММА Біріккен Федерациясының бас директоры Валихан Тен.
Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында "Қазақстанның ММА бірлескен федерацияларының қауымдастығы" ЗТБ атты жаңа құрылымы қалыптасты. Оған Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион мен грэплинг ұлттық федерациясы және NOMAD MMA федерациясы кірді.
- 2005 жылы Қазақстанда пайда болған аралас жекпе-жектен Nomad cтилі бүгінгі таңда танымалдылыққа ие. Бұл ұзақ жылдар бойы жұмыс жасаған төрешілер мен сарапшылардың еңбегі. Аралас жекпе-жектегі бұл стильді халықаралық деңгейге көтеру мен таныту жолында Nomad MMA әлемдік федерациясы жұмыс жасап келеді.
WFN (World Federation of Nomad MMA) ұйымының даму жоспары аралас жекпе-жектің осы түрін жасөспірімдер арасында таныту, оларды тәрбиелеу мен қолдауға бағытталған. Жарыс пен жаттығу кездерінде жарақат түсіретін әдіс-тәсілдер қолданылмайды. Бұл арнайы жасалған әдістеме спорттық шеберлікті арттыру жолында жоғары нәтиже бере бастады, - дейді Гаджи Гаджиев.