Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ Данияр Майлыбаев

VIII қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 32 жүлдеге (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) ие болды.

Азиада және өзге жарыстар үшін сыйақылар ҚР 2014 жылдың 19 желтоқсанындағы №1435 жарлығымен реттеледі. Ол бойынша, Азия ойындарындағы алтын алған спортшы 10 000 доллар алады. Күміс жүлдегер - 5 000, ал қола медаль алған спортшы 3 000 АҚШ долларын иеленеді. 

Командалық ойындар мен эстафетаға қатысушыларына да осындай көлемде сыйақы жеке-жеке төленеді. Яғни, хоккейден Қазақстан құрамасының 22 ойыншысы бірінші орын үшін әрқайсысы 10 мың доллардан алады. Жалпы алғанда Азия ойындарында қазақстандық спортшыларға 537 мың доллар сыйақы беріледі. 

Ал жаттықтырушылар Универсиада мен Олимпиадаға қарағанда Азиада үшін спортшылардан азырақ сыйақы алады. Алтын жүлде үшін жаттықтырушы -  5 000 доллар, күміске - 3 000, ал қола үшін - 2 000 доллар сыйақы табысталады. Одан бөлек бұл сыйақы бірінші және жеке бапкер арасында бөлінеді.

Жалпы алғанда Азиада-2017 сайыстарында жүлде алған спортшылар мен бапкерлерге мемлекет 693 000 доллар немесе 215 миллион 523 теңге жұмсайды. Сыйақы республикалық бюджеттен төленеді. 

Айта кетейік, Универсиада-2017 сайыстарында спортшылар мен жаттықтырушыларға - 458 миллион 200 мың теңге, Олимпиада-2016 үшін 1 миллиард 551 мың 420 теңге төленген болатын. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама