18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезия елінің астанасы Джакартада жазғы Азия ойындары өтеді. Күні кеше сары құрлықтың басты додасына қатысатын ұлттық құраманың спорттық киім үлгісі таныстырылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада Комитеті хабарлағандай, қазақстандық спортшылар отандық өндірушілер дайындаған жаңа киім үлгісімен аттанады. Спорттық киім үлгісін жасауда көшпенділер идеясы басты назарға алынған. Коллекцияның негізгі нысаны техно-стильде орындалған сұңқар құс. Қазақстан тарихында жыртқыш құстармен аң аулау үлкен маңызға ие екені белгілі. Аңды көп қағатын құстар еркіндіктің, биікке ұмтылудың символы болып есептеледі. Сондай-ақ тағы бір негізгі детальдардың бірі - Қазақстанды танытатын KZ символын байқауға болады. Спорттық экипировка жаттығуға және шеруге арналған костюмдерден, поло, шолақ шалбар, жеңіл жейде және өзге де қажетті элементтерден құралған. Барлығы 16 түрі бар. Формадағы киімдердің барлығы Азия ойындарын қабылдаушы мемлекет Индонезияның климаттық ерекшеліктерін есепке ала отырып дайындалған. Экипировкадағы киімдердің басым бөлігі трикотажды кенеп матадан тігілген. Бұл спортшылардың киім кигенде өзін ыңғайлы сезінуіне көмектеседі. Форма негізінен қою көк және ақ түстерден құралады, ал басты шешімдер минимализм мен таға бағыт. Киімді өлшеп көрген спортшылар форманың ыңғайлы әрі әдемі екенін алға тартты. Аталған киім үлгісі Қазақстан ҰОК арнайы комиссиясының шешімімен таңдалды. Сондай-ақ, комиссия құрамына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен танымал спортшылар енді. Форманы алғашқылардың бірі болып суда жүзушіДмитрий Баландин, синхронды жүзушіКристина Тыныбаевамен ашылу салтанатында Қазақстанның Туын көтеріп шығатын боксшыӘбілхан Аманқұлкиіп көрді. Айта кетейік, Индонезиядағы Азия ойындарына Қазақстан 25 олимпиадалық спорт түрінен қатысуды жоспарлауда. Ұлттық құрама сапында 412 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыста барлығы 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын болады. Оның 332-і олимпиадалық спорт түрлеріне енеді.