18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Джакартада өтетін Азия ойындарына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Индонезия жерінде өтетін жарыста ел намысын қорғайтын боксшылардың есімдерін атады. Атап айтар болсақ,Теміртас Жүсіпов((49 кг),Азат Махметов(52 кг),Қайрат Ералиев(56 кг),Саматәлі Төлтаев(60 кг),Бекдәулет Ибрагимов(64 кг),Асланбек Шымбергенов(69 кг) жәнеӘбілхан Аманқұл(74 кг) Азия ойындарына барады. - Азия ойындарына қатысатын боксшылардың бұл құрамы Президент кубогы және өзге де турнирлер қорытындысы бойынша жасақталды. Жаттықтырушылар кеңесінің қорытындысы бойынша таңдалды. Жарысқа дайындығы жоғары боксшылар бара жатыр. Өкінішке қарай, бірнеше салмақ дәрежелері алынып тасталғандықтан, біз кем дегенде 2 жүлдеден қағылып отырмыз. Дегенмен осы құрамда барып 4-5 жүлде алуға шамамыз жетеді. Оның 2-і алтын болады, - дедіМырзағали АйтжановҚБФ сайтына берген сұхбатында. Айта кетейік, Джакартадағы Азия ойындарында бокстан 81 және 91 кг-ға дейінгі, сондай-ақ 91 кг-нан жоғары салмақ дәрежелері бойынша жекпе-жектер өтпейді.