Азия ойындарына баратын боксшыларымыз белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент

Инчхондағы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. 1951 жылдан бері төрт жылда бір өткізіліп келе жатқан дода Халықаралық Олимпиада Комитетінің тікелей қарауына қарайды. Биыл бұл дода он жетінші рет байрағын желбіреткелі отыр.

Осыған дейін Азия ойындарына баратын дзюдошыларымыз анықталған болатын. Бүгін Мырзағали Айтжанов Инчхон шаршы алаңында жұдырықтасатын былғары қолғап шеберлеріміздің есімдерін атады. Құрамаға ел намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген кіл мықты боксшыларды шақырыпты.

49 келіде бас бапкер 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарған Біржан Жақыповқа сенім артса, 52 келіде 2011 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ілияс Сүлейменовті шақырған. 56 және 60 келіде Алматыда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегерлер қатарынан табылған Қайрат Ералиев пен Берік Әбдірахманов тізімге енген. 64 келіде 2011 жылы Азия чемпионы атанған Айдар Әмірзақов жүлдеге таласады. 69 және 75 келіде 2013 жылы әлем чемпионы атанған Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлы ел намысын қорғайды. 81 келіде Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері және 2013 жылғы әлем чемпионатында да күмісті иеленген Әділбек Ниязымбетов жұдырықтасады. 91 келіге дейінгі салмақта 2013 жылғы Азия чемпионы Антон Пинчук шаршы алаңға көтерілсе, одан жоғары салмақта Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Иван Дычко бақ сынайтын болады. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kfb.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама