Азия жағажай ойындарында Қазақстан тай боксынан 5 медаль жеңіп алды
Данангтағы додаға Қазақстаннан 8 спортшы аттанған болатын. Оның 5-і жүлделі орыннан көрінді. 51 келіге дейінгі салмақта Еламан Саясатов, 57 келіге дейінгі салмақта Ишан Ғалиев, 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жәнібек Қанатбаев қола жүлдегер атанды. Ал Лада Чигиркина (-60 келі) мен Рүстем Ақжанов (-71 келі) қола медаль иеленді.
V Азия жағажай ойындарына Азиядағы 45 елден 5000-ға жуық спортшы қатысуда. 14 спорт түрі бойынша медальдар сарапқа салынуда. Жарыс 3 қазан күні аяқталады.
Қазақстан құрамасы сапында бұл додаға 32 спортшы аттанған еді. 6 спорт түрі (судағы поло, ашық суда жүзу, жағажай волейболы, джиу-джитсу, самбо, тай боксы) сынға түсуде. Осыған дейін ашық суға жүзу спорты бойынша Виталий Худяков 5 және 10 шақырымдық қашықтықта алдына жан салмай, алтын алған болатын. Сондай-ақ, қыздар арасында 10 шақырымға жүзуде Ксения Романчук үшінші болып келіп, қола жүлдегер атанған-ды.
Азия жағажай ойындары екі жылда бір рет ұйымдастырылады.