Әйгілі италиялық футболшы спорттағы мансабын аяқтады
- "Нью-Йорк Сити" сапында соңғы ойынымды өткіздім. Бұл қала тұрғындарының қолдауы мен мейірімділігіне ризамын. Жанкүйерлер мен жаттықтырушыларыма, командаластарыма алғысымды білдіремін.
Футболшы ретінде әлемді шарлайтын саяхатым да өз соңына жетті. Осынша уақыт менің көңіліме қарап, қолдау білдіріп отырған отбасыма құрметім жоғары. Мен ойнаған әр клуб пен командаластарыма рақметімді айтамын. Олар болмағанда футболда осындай жетістікке жетпес едім. Сіздер әрқашан менің командамда, әрқашан жүрегімде сақталасыздар, - деп жазды футболшы.
Әлемдегі танымал клубтардың бірі әрі бірегейлері "Милан" мен "Ювентус" сапында ойнаған футболшы "Нью-Йорк Сити" командасына 2015 жылы ауысқан еді.
Андреа Пирло – ХХІ ғасырда ең көп жетістікке қол жеткізген италиялық футболшы. "Милан" сапында екі рет (2003, 2007) Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. Екі рет Италия чемпионы атанды. Бірнеше рет Италия кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. "Ювентуске" ауысқаннан кейін төрт рет қатарынан Италия чемпионы (2012, 2013, 2014, 2015) атанды. 2015 жылы 36 жасқа келген футболшы туриндік клубпен бірге Чемпиондар лигасының финалында "Барселонамен" кездесті. Алайда қарсыластарына есе жіберіп алды.
Орталық жартылай қорғаушының тағы бір жетістігі – Италия құрамасымен бірге әлем чемпионы атануы. 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының финалында Франция құрамасын ойын соңындағы пенальти сериясында ұтты. Пирло финалдың үздік ойыншысы атанды.
Футболшы спорттық мансабында 872 ресми ойынға қатысып, 91 гол соқты. Ұлттық құрама сапында 116 ойынға қатысқан.
Айта кетейік, осы жылы италиялық тағы бір танымал футболшы Францеско Тотти де мансабын аяқтағаны жайлы хабарлаған еді.