Әуесқой және кәсіпқой бокстың ережелері мен айырмашылықтары
Боксшыларға арналған ринг
Бокс – ең ежелгі спорт түрлерінің бірі саналады. Алайда, оның қазіргі заманғы формасын Маркиз Квинсбери 1860 жылы бекіткен. Ереже бойынша, екі боксшы белгілі бір уақыт аралығында қолғаппен оралған қолдары арқылы бір-бірінің рұқсат етілген жерлеріне ғана соққы жұмсап, кім мықтыны анықтайды. Кездесуде таза жеңіс немесе ұпаймен алынған жеңіс түрлері болады.
Бокста мынадай чемпионат түрлері бар:
AIBA (Әуесқой боксшылардың Халықаралық Қауымдастығы);
WBC (Бүкіләлемдік бокс кеңесі);
EBU (Боксшылардың еуропалық Одағы);
IBF (Халықаралық бокс Федерациясы);
IBU (Халықаралық бокс Одағы);
NBA (Халықаралық бокс Қауымдастығы);
NY (Нью-Йорктік Атлеттік Комиссия);
WBA (Бүкіләлемдік бокс Қауымдастығы);
IBO (Халықаралық бокс Ұйымы);
WBO (Бүкіләлемдік бокс Ұйымы).
Ринг. Көпшілік сайыстарда үш немесе төрт арқаннан керіліп жасалған рингтер қолданылады. Ал еден сыртқы жағынан брезентпен бекітілсе, ішінде резина болуы тиіс. Рингтің максималды өлшемі 20x20 фут шаршы формасында болады. Ал минималды өлшемі әуесқойлар үшін 16x16 футты құраса, кәсіпқойлар үшін ол 14x14 болады. Ал арқанның арғы жағындағы аймақ 1 фут, 6 дюймнан кем емес болуы шарт.
Ресми өкілдер. Әуесқой және кәсіпқой бокс кездесулерінде міндетті түрде мына мамандардың болуы шарт:
1 – Кездесуге бақылау жасайтын ринг ішіндегі рефери;
2 – Боксшыларға ұпай беретін төрешілер (әуесқой матчтарда 5, ал кәсіпқой бокстарда 3 төреші болады);
3 – Хронометрист-төреші;
4 – Раунд арасындағы үзілістерде боксшыға көмектесетін секундант және секунданттың көмекшісі (кәсіби жарыстарда төрт секундантқа дейін рұқсат етіледі).
Әуесқой бокста төрешілердің әділ қазысы (ресми төрешілердің жұмысын тексеруші) болады.
Рефери. Ұлыбританияда кәсіпқой кездесулерде есепті тек рефери жүргізеді
Реферидің міндеттері:
Рингтегі боксшыларды бақылау;
Қажет жағдайда оларға ескерту жасау;
Бұрыштағы төрешілерді басқару;
Есеп жүргізу;
Қажет деп тапқан жағдайда кездесуді тоқтату.
Секунданттар. Реферидің бұйрығы бойынша рингтен кету керек және раунд жүріп жатқан кезде рингке кірмеуі керек. Олардың қоржынында боксшылар жарақат алған жағдайда көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы (аптечка) болуы міндет.
Салмақ. Әуесқойлар жарыс күні іш киіммен таразыға тұрады.
Әуесқой боксшылар арасындағы салмақ дәрежелері (Олимпиада ойындарында да қолданылады):
Салмақ(кг) Дәрежесінің аталуы Дәрежесі "ағылшынша"
91 жоғары Суперауыр салмақ Super heavyweight
81 — 91 Ауыр салмақ Heavyweight
75 — 81 Жартылай ауыр салмақ Light heavyweight
69 — 75 Орта салмақ Middleweight
64 — 69 Жартылай орта салмақ Welterweight
60 — 64 Бірінші жарты орта салмақ Light welterweight
56 — 60 Жеңіл салмақ Lightweight
52 — 56 Жеңілірек салмақ Bantamweight
49 — 52 Аса жеңіл салмақ Flyweight
46 — 49 Бірінші аса жеңіл салмақ Light flyweight
Ал кәсіпқой боксшылар жарыс түсте болатын болса, таңертеңгі сағат 11.00-де, ал кешкі жарыс үшін сағат 13.00-де таразыға тұруы тиіс. (Салмақ өлшеуге келісім тек медициналық тексерістен өткеннен кейін ғана беріледі).
Кәсіпқой бокста салмақ дәрежелерінің жеке атаулары бар. Олар төменде келтірілген:
H – Heavyweight “Ауыр” 86,2 кг жоғары.
C – Cruiserweight “1-ші ауыр” 86,2 кг.
LH – Light heavyweight “Жартылай ауыр” 79,4 кг.
SM – Super middleweight “Супер-орта” 76,2 кг.
M – Middleweight “Орта” 72,6 кг.
JM – Junior middleweight “1-ші орта” 69,8 кг.
W – Welterweight “Жартылай орта” 66,7 кг.
JW – Junior welterweight “1-ші жартылай орта” 63,5 кг.
L – Lightweight “Жеңіл” 61,2 кг.
JL – Junior lightweight “1-ші жеңіл” 59 кг.
Fe – Featherweight “Жартылай жеңіл” (AIBA)-57,1 кг.
JFe – Junior featherweight “1-ші жартылай жеңіл” 55,3 кг.
B – Bantamweight “Жеңілірек, қораз салмақ” 53,5 кг.
JB – Junior bantamweight “1-ші жеңілірек” 52,2 кг.
Fl – Flyweight “Аса жеңіл, шыбын салмақ” 50,8 кг.
JFl – Junior-flyweight “1-ші аса жеңіл” 49,0 кг.
S – Strawweight “Сабан салмақ ” 47,6 кг.
Кездесу тағдыры. Жеңіс беріледі:
Ұпай бойынша (кездесу аяқталған бойда);
Нокдаун бойынша (10 немесе 8 секунд ішіндегі есеп);
Реферидің белгісінен кейін;
Қарсылас кездесуді жалғастыра алмайтын жағдайда;
Дисквалификация орын алған жағдайда.
Ұпайлардың саналуы. Кездесудің әр раунды сайын боксшының қалай жұдырықтасқанына байлайнысты ұпай беріледі.
Әуесқой бокста раундты ұтқан боксшыға 20 ұпай берілсе, ал қарсыласына, сәйкесінше, одан кем ұпай жазылады.
Қосымша ұпайлар (үш қосымша – бір ұпай) тиген соққыларға беріледі. Кездесудің соңына қарай көмекші ұпайлар спортшының шабуылының деңгейіне, қорғанысына немесе боксшының стилі мен техникасына байланысты қосылуы мүмкін.
Төрешілер боксшыларға тең ұпай берген жағдайда, екі жақтың келісімімен қосымша ұпайды соңғы жеребеде жолы болған жақтың боксшысы ала алады.
Осындай ережелер кәсіпқой бокста да бекітілген. Көпшілік елдерде раундтағы ең жоғары (максималды) ұпай 10 болып саналады.
Ұпайлар жасалған шабуылға (қолғаптың алдыңғы жағымен қарсыластың рұқсат етілген денесінің бөлігіне жасалған соққылар ғана есепке алынады), қорғанысқа, ұмтылыстар мен стильге байланысты үлестіріледі. Кездесу соңында ұпайлар саны бірдей болып қалған жағдайда жекпе-жек тең аяқталды деп жазылады.
Әуесқой және кәсіпқой боксқа қажетті құрал-жабдықтар:
1. Тіске арналған қорғаныс (капа);
2. Қолғаптар;
66.6 кг (148 фунт) дейінгі салмақта өнер көрсететін әуесқойлар мен кәсіпқойлар салмағы 225 грамм (8 унция) тартатын қолғап кисе, 66.6 кг жоғары салмақтағылар массасы 280 грамм болатын (10 унция) қолғаппен жұдырықтасады.
3. Лента.
Әуесқойларға әр қолына 8 футқа дейінгі екі дюймдық жұмсақ құрғақ бинт орауға рұқсат етіледі немесе 6 футқа дейінгі 6 дюймдық құрғақ Велпью бинтін орауға болады. Ал кәсіпқойлар әр қолына 8 футқа дейінгі екі дюймдық құрғақ бинт немесе 19 футқа дейінгі (екінші орта салмаққа дейін) немесе мырыштың оксидіне қаныққан 11 футтық бір дюймды бинт орай алады. Бинтті саусақтардың сүйекті тұсына орауға тиым салынады.
4. Протектор.
5. Аяқ киім
6. Шлем (Тек қана әуесқойлар үшін).
Киім.
Әуесқойлар шорты мен майка киеді; кәсіпқой боксшылар тек қана шорты киеді. Сондай-ақ, комплектіге арнайы жеңіл аяқ киімдер де кіреді.
Ережелердің бұзылуы.
Боксшыныңі рұқсат етілмеген дене бөлігіне соққы жасау ережені бұзу болып саналады, мысалы, белден төмен, желкеден және бүйректен соққы жасау.
Айналып және қолғаптың сыртымен жұдырық сілтеу де ереженің бұзылуына жатады. Иықпен, шынтақпен және білекпен соғып қалуға да тиым салынады. Қолғаптың екінші жағымен бірнеше рет соққы жасау да ережеге қайшы.
Сондай-ақ баспен соғу, итеру және күресу де ереженің бұзылуына жатады.
Ережелердің бұзылуына әкелетін басқа да әрекеттер:
өзіне жұмсалған соққылардан белден төмен отырып бұғып қалу;
“Брейк” бұйрығынан кейін қапсыра ұстау;
“Брейк” бұйрығынан кейін соққы жұмсау;
Қарсылас еденде жатқан кезде немесе құлап бара жатқанда оған соққы жұмсау;
Ринг арқандарын қорғаныс немесе шабуыл үшін пайдалану;
Пассивті түрде жұдырықтасу және тағы да басқалары.
Ереженің бұзылуы
Әрбір ереже бұзу ескертумен, егер қайталанып жатса ұпай шегерумен аяқталады.
Бірнеше рет ереженің бұзылуы боксшының дисквалификацияға ұшырауына алып келеді.
Кездесудің ұзақтығы. Әуесқой жарыстарда:
қарсыластар рингте әрқайсысы үш минут болатын үш раунд өткізеді;
орта салмақ дәрежесіндегі қарсыластар да әрқайсысы үш минуттан тұратын үш раунд өткізеді;
Боксқа жаңадан қосылғандар екі минуттан тұратын үш раунд өткізеді;
Кәсіпқой жарыстар мен чемпионаттарда раундтар саны 12-ге дейін жетіп, олардың әрқайсысы үш минуттан болады.
іріктеу жарыстарында үш минуттан он және он екі раунд ойнатылады;
басқа жарыстарда –қарсыластың деңгейіне қарай алтыдан жоғары 2 минуттық раунд немесе үш минуттық 6, 8 немесе 10 раунд.
(Барлық жарыстарда раунд арасында боксшылар 1 минуттық демалыс уақытына ие болады).
Кездесу. Рефери, алдымен, екі боксшыны ортаға шақырып, ойын ережелерін түсіндіріп өтеді. Осыдан кейін боксшылар бір-бірінің қолын алады (қолғапты шешуге рұқсат етілмейді).
(Кәсіпқой боксшылар ең соңғы раундқа аяқ басар тұста да қайтадан қолғап түйістіреді;
ал әуесқойлар 3 раунд басталар тұста қол алысады).
Кездесу кезінде боксшылар реферидің кез келген бұйрығына бағынуы тиіс.
Нокдаун кезінде аяқта тұрған боксшы бейтарап бұрышқа барғаннан кейін ғана рефери есеп ашады. Егер құлаған боксшы есепті санау кезінде орнынан тұра алса, кездесу одан әрі қарай жалғасын табады.
Әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да боксшылар раунд соңына қарай құласа, есеп 8-ге (10) дейін немесе гонг үні естілгенге дейін саналады.
Реферидің екі боксшының бірі кездесуді жалғастыра алмайтынына көзі жетсе, жекпе-жекті дереу тоқтатады.
Рефери кездесу аяқталғаннан кейін жеңімпаздың бір қолын көтереді.
Есептің ашылуы.
Әуесқой бокста бір немесе одан да көп ауыр соққы жіберіп алған боксшы жерге құламаса да, рефери оған нокдаун жазып, соған байланысты есеп аша алады. (Бұл ереже әуесқой боксшыларды ауыр жарақаттардан сақтау үшін енгізілген).
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: .edinoborets.ru