Астана футбол клубында ойнап кеткен серб жартылай қорғаушысы Неманья Максимович Валенсия сапындағы алғашқы голын соқты. Футболшы 2017 жылдың жазында испандық клубтың қатарын толықтырған болатын. Негізгі құрамдағы ойыншы болмаса да, одан бергі аралықта арагідік алаңға шығып жүр. Түнде Испания кубогының 1/8 финалындағы Лас-Пальмасқа қарсы қарымта ойында гол соғып, көзге түсті. Бұл - серб ойыншысының Валенсия сапындағы алғашқы голы. Ойында Неманья Максимовичтің командасы 4:0 есебімен жеңіске жетті. Қалған үш голды да Лусиано Вьетто соқты. Сербия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Валенсия футбол клубымен 2022 жылға дейін келісімшартқа қол қойған. Бейресми деректер бойынша футболшы осы жылдар аралығында 7 миллион еуро көлемінде еңбекақы алады. Неманья Максимовичтің испандық команда сапына ауысатыны 2015 жылдың аяғында белгілі болған еді. Бірақ Валенсия футболшыны Астанадан сатып алмай, келісімшартының аяқталғанын күтті. Жартылай қорғаушы екі маусым ішінде елордалық клуб қатарында 79 ойынға қатысып, 12 гол соқты. Командамен екі рет ел чемпионы және кубок иегері атанды. Сондай-ақ Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады.