"Астанада" ойнаған Максимович Испанияның "Валенсия" клубына ауысты
Сербия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы "Валенсия" футбол клубымен 2022 жылға дейін келісімшартқа қол қойған. Команда футболшыны дүйсенбі күні жанкүйерлерімен таныстыратын болады.
Неманья Максимовичтің испандық команда сапына ауысатыны өткен жылдың аяғында белгілі болған еді. Бірақ "Валенсия" футболшыны "Астанадан" сатып алмай, келісімшартының аяқталғанын күтті.
22 жастағы футболшы осы маусымда "Астана" командасы сапында ойын өткізген жоқ. Ал оған дейінгі екі маусым ішінде елордалық клуб қатарында 79 ойынға қатысып, 12 гол соқты.