Астанада өтетін «Көшпенділер шайқасы-5» турниріне кімдер қатысады?
«Көшпенділер шайқасы-5» турнирін Қазақстанның ММА федерациясы мен M-1 Global жетекші әлемдік промоушені ұйымдастыруда. Турнирден көрермендер қазақстандық, ресейлік және еуропалық ең үздік жауынгерлердің өнерін тамашалай алады.
- «Көшпенділер шайқасы» өте беделді турнирдің бірі. Бұл Азиялық кәсіби промоушн. Бұл ұрыс алаңы әуесқой жауынгерлерге кәсіби алаңда атой салуға мүмкіндік береді. Турнирлер тек Қазақстанда ғана өткізіліп келе жатқан жоқ. Осы жылы Тәжікстанда «Көшпенділер шайқасы-4» турнирін өткіздік. Бұл іс-шаралар турнирімізді әлемге танымал етуге жол ашып отыр. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдірінен шақырту алып жатырмыз, – деп атап өтті салмақ өлшеуге дейінгі өткен баспасөз конференциясында аралас жекпе-жектен республикалық федерация президенті Анатолий Ким.
«Көшпенділер шайқасы-5» турнирінің негізгі тартысы ауыр салмақтағы M-1 Challenge-нің экс-чемпионы Кенни Гарнер (АҚШ), 16-8 мен аты аңызға айналған аралас жекпе-жек шебері Сергей Харитонов (Ресей), 22-5 арасында өтеді.
- Қытайда күтпеген жағдай болды. Кенни жасына қарамастан өте керемет өнер көрсетті. Бұл жолы Қазақстанға менің көптеген жанкүйерлерім келгелі отыр. Өз жанкүйерлеріме керемет өнер көрсетемін деп ойлаймын, - деді Сергей Харитонов.
Сондай-ақ, бұл турнирде кәсіби рингте жеңіліп көрмеген отандық спортшы Шавкат Рахмонов өзінің ұрыс тарихындағы үшінші шайқасын өткізеді. MMA санатындағы халықаралық спорт шебері Рахмонов 18 жасында әлем чемпионы атанған. Арнайы белдікті оған аралас үлгідегі жекпе-жек шебері ресейлік Федор Емельяненко табыстаған. Бұл жолы оның қарсыласы Berserkers Arena гран-при жеңімпазы 21 жасар поляк спортшысы Михал Винцек (5-2) болмақ.
«Өз басым бұл турнирге қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Соның ішінде Қазақстанда яғни Астана қаласында өтуі үлкен мәртебе. Өз еліңнің намысын тікелей көрермендердің алдында қорғау деген үлкен абырой әрі үлкен жауапкершілік болғалы отыр. Әділ әрі шынайы өнер көрсете аламын деп сенемін», – дейді Шавкат Рахмонов.
«Көшпенділер шайқасы-5» турнирінде жауырыны жер иіскеп көрмеген Ақтөбелік спортшы Сергей Морозов (5-0) алғаш рет 61,2 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткелі отыр. Қарсыласы – Солтүстік Ирландиялық Энди Янг (6-6).
Алдын ала шайқас
Рашид Дагаев (Қазақстан) 76,7 - Даниэль Табера (Испания) 77,8
Александр Бойко (Патриот, Украина) 83,3 – Нодар Кудухашвили (Грузия) 84
Дамир Исмагулов (балуан, Оренбург және Қазақстан) 71,1 - Педро Эуженио Гранхо (Испания) 70,5
Антон Пазенко (Branibor Team, Украина) 90,4 – Батраз Агнаев (Александр Невский) 92,9
Еркінбек Інжіл (Қазақстан) 83,9- Артем Фролов (Легион) 83,6
Негізгі шайқас
Кенни Гарнер (АҚШ) 120,4 – Сергей Харитонов (Ресей) 126
Шавкат Рахмонов (Қазақстан) 76,9 - Михал Винцек (Польша) 76,9
Луиджи Фиораванти (АҚШ) 84,3 – Сергей Ковалев (Fightspirit) 84
Сергей Морозов (Қазақстан) 61,2 - Энди Янг (Северная Ирландия) 60,5
Давид Траллеро (Испания) 108,5 – Заур Гаджибабаев (Baku Fighters, Әзірбайжан) 112,3
Турнирді «Хабар» және «KazSport» арналары көрсететін болады.
Айта кетейік, ММА аралас күрес жекпе-жегі жан-жақты спорт түріне жатады. 2013 жылы аралас күрес жекпе-жегі ресми спорт түрі ретінде Қазақстан Республикасындағы спорт түрлерінің мемлекеттік тізіміне енді. Осы аралықта аралас жекпе-жектен республикалық ММА федерациясы 3 Қазақстан чемпионатын, 1 президент кубогын, Азия аралық алғашқы ММА чемпионаты мен «Көшпенділер шайқасы» атты 4 халықаралық кәсіби турнир өткізіп үлгерді. Қазақстан құрама командасы 2013-2014 жылдары өткен әлем чемпионатында (Санкт-Петербург, Ресей және (Минск, Белоруссия) екі мәрте күміс жүлдеге ие болды. Әлем кубогының (2013, Баку, Азербайджан) күміс жүлдегері. Отандастарымыз екі жыл қатарынан жалпы команда есебі бойынша Азия чемпионатында (2014 ж Астана және 2015 ж Худжанд, Тәжікстан ) бірінші орын алды.