Астана қаласында Қазақстан триатлон федерациясының Бірінші дәстүрлі конгресі өтті. Конгрес барысында 2017 жылдың нәтижелері қорытындыланып, келер жылдың жоспарлары талқыланды. Елордадағы арнайы отырысқа ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов пен Қазақстан ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов қатысты. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары аясында өңірлерде спортты дамыту мен қолдауда Қазақстан триатлон федерациясының атқарған жұмыстары орасан. Триатлоннан ашық ел чемпионаты, ел кубогы кезеңдері, Astana Asian Cup 2017, әуесқойлар арасында ел чемпионаты, триатлоннан қысқы чемпионат, т.б. жарыстар ұйымдастырды. Әсіресе, бұқара халық арасында спортты және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында әуесқойлар арасында триатлоннан жарыстар ұйымдастырды. Елімізде триатлон спортын дамыту мен жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында Астана қаласында федерацияның жаңа арнайы секциясы өз жұмысын бастады. Алматыдағы атлеттер ауылы аумағында Дмитрий Гааг атындағы балалар триатлоны мектебі ашылды. 2017 жылы осындай ауқымды шараларды атқарған Қазақстан триатлон федерациясы Жылдың спорттық жүлдесі байқауында Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік спорттық федерация номинациясына ие болды. Астанадағы конгрес барысында федерация президенті Кәрім Мәсімов отандық спортты дамытуға үлес қосып жатқан триатлон бапкерлерін құрмет грамоталарымен марапаттады. Қазақстан триатлон федерациясы 2018 жылға да биік мақсаттар қойып отыр. Ел өңірлерінде осы спорт түрін дамыту мақсатында маңызды шаралар ұйымдастырмақ. Ақпан айында Астанадағы қысқы триатлон жарысымен 2018 жылға жоспарланған шаралардың шымылдығы түріледі.