Астанада жауынгерлік өнер қауымдастығының І конгресі өтті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Астанада жауынгерлік өнер қауымдастығының І конгресі өтті
Фото ©️ vesti.kz

Астанада  Олимпиада ойындарына енбейтін 20 спорт федерациясы енетін Жауынгерлік өнер қауымдастығының І конгресі өтті, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Спорттық ұйым өткен жылы құрылған. Төрт бағыт бойынша (карате, жекпе-жек, толыққанды спорт түрлері және ММА спорты) жұмыс жасап келеді.

Сарыарқа төріндегі салтанатты шараға Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Кәрім Мәсімов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, "GAISF" Жоғары Вице-президенті Рафаэль Чиулли, "GAISF" Вице-Президенті Стефан Фокс қатысты.

- Қазақстан жауынгерлік өнер қауымдастығының І конгресіне қош келдіңіздер! Қауымдастықтың басты мақсаты - жауынгерлік спорт түрлерін дамыту. Ассоциация жауынгерлік өнердің қыр-сырын түсіндіріп, бұқаралық спортты дамытып, спорт кадрларын даярлауға өз септігін тигізеді. Ұйым Қазақстанда жауынгерлік өнерді дамытатын орталық алаңға айналады. Бүгінде еліміз бойынша ұйымның өкілдіктері жұмыс істейді. Біріккеннен бастап олимпиадалық санатқа енбейтін спорт түрлерінен жетістігіміз арта бастады. Қауымдастық осы жылдың желтоқсан айында Астанада карате киокушинкайдан әлем чемпионатын өткізбек. Бір жұдырық болып жұмылып, алдағы жоспарларымызды жүзеге асыруымыз керек. Бастысы - бұл біздің Қазақстанда спорттың дамуына үлес қосатын бірлескен жұмысымыз, - деді қауымдастық президенті Кәрім Мәсімов.

Қазақстан 2021 жылы жауынгерлік спорт түрлері бойынша әлемдік ойындарды қабылдауы да мүмкін. Бұл жайында конгресттің құрметті қонағы, GAISF вице-президенті Рафаэль Чиулли айта кетті.

- Бүгін айрықша сәт. Бүгін бірлесе жұмыс бастап, ертең көшбасшы болуға ұмтылып отырмыз. Еліміз жауынгерлік спорт түрлері бойынша әлемдік ойындарды өткізуге үмітті болуда. Өзге үмітті елдер де бар. Инфрақұрылымы мен мүмкіндіктеріне қарар болсақ, Қазақстанның басымдығы бар. Біздің бірлескен ісіміз өз нәтижесі мен жемісін береріне сенемін, - деді.

Астанада жауынгерлік спорт түрлерінен әлемдік ойындарды өткізу жайын мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да тілге тиек етті.

- Аталған республикалық федерациялар елімізде жауынгерлік өнер спорт түрлерін дамытып, Қазақстанды халықаралық ареналарда таныстырып жүр. Қауымдастықтың құрылуы - уақыттың талабы. Ұйым Қазақстанда спорттың дамуына жаңа серпін беретініне сенеміз. Астана 2021 жылы Бүкіләлемдік ойындарды өткізуге үміткер 4 қаланың қатарында. Жауынгерлік өнер қауымдастығына жеңіс әрі алдағы жұмыстарына табыс тілеймін, - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Қауымдастық жұмысындағы айрықша бағыттардың бірі - аралас жекпе-жек спорты. Қазақстан бірлескен ММА федерациясының бас директоры Валихан Тен алдағы мақсаттары жайлы айта кетті. Ол аралас жекпе-жекте ауқымды жобалар жүзеге аса бастағанын алға тартты.

-  Қауымдастықтың құрылуымен жауынгерлік спорт түрлерінің жаңа парағы ашылды. Ал елімізде әлемдік ойындар өтетін болса, тарихи бір оқиға болары сөзсіз. Бірлескен ММА федерациясының құрылуы - басты жаңалықтардың бірі. Қауымдастық жұмысы нәтижесінде Қазақстандағы аралас жекпе-жек ұйымдарының басы бірікті. Қазақстан чемпионатына бұрын-соңды 250-ден астам спортшы қатыспаған. Алғаш рет біздің жасақталған құрама Азия чемпионатына дайындалады. Осыдан-ақ қауымдастықтың жұмысы көзге байқалады. Тағы бір айта кететіні - Қазақстанда карате киокушинкайдан әлем чемпионатының өтуі. Бұл елімізде жауынгерлік спорт түрлерінің дамуына сеп болары анық, - Валихан Тен.

Қазақстан жауынгерлік өнер қауымдастығы тек спортшылармен ғана жұмыс жасамайды, мамандар да дайындайды. Спорттық ұйымның бас хатшысы Фархад Аманқұлов маманданған қызметкерлерді дайындаудың мән-жайын айта кетті.

- Бұл біздің қауымдастықтың бір бағыты. Жаттықтырушыларды сертификаттаудан өткізіп, оларға дұрыс базалық техника ұсына алуымыз қажет. Әрине, бұл тұрғыдан қиындықтар да кездеседі. Біріншіден, материалдық-техника қоры болмауы. Қауымдастық мұнымен алдағы уақытта толықтай айналысатын болады, - деді.

Конгресс соңында Қазақстан жауынгерлік өнер қауымдастығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетімен ынтамақтастық жөнінде келісімге қол қойды. Сондай-ақ спортшылар көрнекі өнер көрсету шарасын өткізді.