"Астана" тізгініне жаңа жаттықтырушы келді
"Астана" сияқты үлкен клубтың тізгінін ұстағанымды мақтан тұтамын. Клуб басшылығына маған артқан сенімі үшін алғыс білдіремін. Құрамадағы жұмысымда "Астананың" барлық ойынын көрдім, соның ішінде еурокубок аясындағы кездесулерін де тамашаладым. Команда ел чемпионатында алты рет қатарынан топ жарып, жыл сайын Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнау арқылы соңғы жылдары өте жоғары нәтиже көрсетіп келеді", - деді чех маманы.
Михал біздің ұлттық құрамадан бөлек, Чехиядағы "Теплице", "Хмел", "Виктория" (Пльзень), "Спарта" (Прага), "Высочина", "Фастав" клубтарында және Чехия Ұлттық құрамасы мен жастар құрамасында бапкер болған. Сондай-ақ, костарикалық "Картахинес", словакиялық "Ружомбероке", грузиялық "Динамо" (Тбилиси) клубтарындағы жұмыс тәжірибесі бар.
Михал Билек Қазақстан ұлттық құрамасы мен "Астананы" қатар алып жүреді.
"Қазақстан футбол Федерациясында ел құрамасымен жұмыс істеуді жалғастырамын. Құрамада барлық ақпаратты жинайтын білікті жаттықтырушылар штабы бар. Оған қоса, "Астана" сапындағы құрама ойыншылары мен кандидат футболшылардың психология, физика мүмкіндіктері маған жақсы таныс болары сөзсіз. Сондықтан, екі жақта жұмыс істеуден ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Мен клуб пен ұлттық құраманың игілігі үшін әрі қарай да еңбек етуге дайынмын", - деді Билек.
Чехия ұлттық құрамасымен бірге Еуропа чемпионатының ширек финалына шығып, Чехияның жасөспірімдер құрамасымен ЕУРО-да қола жүлдеге қол жеткізген. Сондай-ақ "Спарта" командасымен ел чемпионатында топ жарып, кубокты жеңіп алған.
Айта кетейік, күні кеше 2 жыл қызметінен кейін Роман Григорчук "Астанадан" кеткен болатын. Команда өткен маусымда Григорчукпен бірге Қазақстан Премьер-Лигасында топ жарып, Суперкубокта жеңіске жетіп, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шыққан еді. Сондай-ақ клуб сапынан бас бапкердің ассистенттері Михаил Савка, Анатолий Коротя және қақпашылар жаттықтырушысы Андрей Глущенко кетті.