«Астана» мен «Ақтөбенің» жолы болмады
«Ақтөбе» қарсыластарымен терезесі тең өнер көрсетті. Тек Владимир Газзаев командасына өткір шабуылдағы ойыншылар көрсеткіші көмектесе алмауда. Бірінші нөмірмен ойнауға тырысқан клуб жанкүйерлерін жерге қаратқысы келмеді. Бірақ, жол болмады. Орталық алаңдағы ойыншылар міндетін толықтай орындағанмен, шабуыл шебіндегі футболшылар жүйелі ойындарымен көзге түсе алмады. «Легия» да қарымта кездесу өз алаңында өтетінін ескере, қорғанысты басты назарға алып жүргені анық. Әйтпесе, польшалық клуб мардымды шабуылымен ерекшелене қойған жоқ. Екінші тайм басындағы Томаш Бжискидің пасын сәтті пайдаланған Ондрей Дуда ойындағы жалғыз голды еншісіне жазып кетті.
Марат Хайруллин мен Алексей Антоновтың алаңдағы орнын босатуы да командаға көмек бола алмады. Нәтижесінде қонақтар өздеріне қажетті нәтижеге көңілдері толып қайтқалы отыр. Бірақ, «Ақтөбе» әлі мүмкіндігін жоғалтпағанын сезінуі керек. Футболдағы бір доп басымдығы сусымалы нәтиже. Енді бір аптадан кейін Варшавада өтетін ойында жерлестерімізге барын салу керек. Дайындалу керек. Не бел кетеді, не белбеу кетеді. Шешуші ойын 28 тамызда болады.
Станимир Стойлов шәкірттері нашар ойнады деп айта алмаймыз. Нәтиже нашар болғанмен, ойындағы қарқыны қуантарлықтай. Нидерландылық төрешінің ысқырығы шалынысымен жерлестеріміз алға ұмтылды. «Астана-Аренаға» жиналған қауымның үмітін ақтауға тырысты. Бауыржан Жолшиев пен Танат Нөсербаевтың белсенділігі байқалды. Тек елордалық клубқа қорғанысты қалпына келтіру керек. Әйтпесе, доп ұстау мен пас беру, қарымта шабуыл ұйымдастыра білуде Станимир Стойлов сарбаздарының деңгейі өскенін байқауға болады.
Бүгінгі ойында бас қазы Бас Нейхес бір ойыншыны алаңнан қууға белді бекем буып шыққандай да көрінді. Жазалауға келмейтін жерден «Астана» ойыншысы Марин Аничичті жазалады. Екінші таймда ақыры алаңнан қуып тынды. Мұны қазақстандық клубтың бас бапкері де мәлімдеп отыр. Оның бүгінгі қазылығына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Астананың» есепте ойсырай ұтылғанымен, ойында қарсыласқа толықтай жеңілмегенін байқадық та. Мұны кездесу статистикасынан да байқауға болады.
Доп ұстау басымдығы: 54 - 46
Қақпаға соққы: 8 — 18
Қақпаға дәл соққы: 3 — 7
Ереже бұзу: 10 — 17
Офсайдтар: 4 — 2
Бұрыштама: 3 — 5
Сары қағаз: 3 — 1
Қызыл қағаз: 1 — 0
Ойыншы алмасу: 3 — 3.
Қос команда арасындағы қарымта кездесу тамыздың 27-сінен 28-іне қараған түні Испанияда өтеді. Қазақстандық қос клубқа қарымта кездесуде сәттілік тілейміз.
«Астана» — «Вильярреал» 0:3 (0:1)
Голдар: Кани 33 (0:1), Дос Сантос 48 (0:2), Гаспар 84 (0:3)
Ескертулер: Постников 20, Аничич 26, 60 — Коста 55
алаңнан қуылды: Аничич 60
«Астана»: Эрич, Аничич, Бейсебеков, Постников, Фокси, Нөсербаев (к) (Мужиков 80), Жуков, Эссаме (Твумаси 57), Шомко, Каньяс, Жолшиев (Ахметов 62)
«Вильярреал»: Асенхо, Гаспар, Мусаккио, Хауме, Паулиста (Руис 32), Кани, Черышев (Эспиноса 74), Сориано (к), Ичечукву (Виетто 63), Джовани дос Сантос, Тригерос
Бас қазы: Бас Нейхейс (Нидерланды)
21 тамыз. Астана. «Астана-Арена».
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz