«Астана» мадридтік «Атлетикомен» тең ойнады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ vesti.kz

«Астана Арена» стадионындағы тарихи кездесуді «Астана» ойыншылары бастады. Екі клуб та бірден шабуылға иек арта қойған жоқ. Қарсыластарының осал тұсын аңдып, қателіктерін пайдалануға тырысқандай сыңай танытумен болды. Алғаш болып қазақстандық клуб ойыншылары алға ұмтылды. Дмитрий Шомконың асырған пасын Ян Облак қайтара білді. 11 минутта бұрыштамадан асырылған допты Тиаго қақпаға шірене бағыттады. Бұл допты қорғаушы Евгений Постников қақпаға өткізген жоқ. Дер уақытында қақпаны қорғай білді.

32 минутта Евгений Постников қорғаныста қателікке бой алдырып, Фернандо Торрестің есеп ашуына мүмкіндік сыйлады. Қазақстандық жанкүйерлердің қуанышына орай испандық шабуылшы Ненад Эрич қақпасына дәл көздей алған жоқ.

Бірінші таймда «Астана» мадридтік клубпен терезесі тең өнер көрсетті. Шабуылда Фокси Кетевоама мен Джуниор Кабананга белсенділігі байқалды. 44 минутта Коке айып соққысын асқан шеберлікпен орындап, есепте «Атлетиконы» алға шығарудың аз-ақ алдында қалды. Испандық шабуылшының бағыттаған добы қақпа маңдайшасына тиіп, кері серпілді. Нәтижесінде қос клуб бірінші таймды 0:0 есебімен аяқтады.

Екінші таймды қос клуб та ширақ бастады. «Астана» да, «Атлетико» да гол соғуға ұмтылды. 52 минутта Фокси Кетевоамаға қарсы Хименес ереже бұзып, айып добы белгіленді. Дмитрий Шомконың бағыттаған добы қақпадан биік кетті.

60 минутта Бауыржан Жолшиев сары қағаз алды. Нәтижесінде «Астана» клубының шабуылшысы екі аптадан кейін «Бенфикаға» қарсы өтетін ойынға қатысу мүмкіндігінен  айырылды. 74 минутта «Атлетико» ойыншылары жүйелі шабуыл ұйымдастырып, соңы Антуан Гризманның соққы бағыттауымен аяқталды. Доп қақпа бағанын жанай өтті. Араға 2 минут сала мадридтік клуб ойыншылары кезекті қауіпті шабуылын ұйымдастырды. Бұл жолы доп қақпа бағанынан қайтты.

Ойынның соңғы минуттары нағыз текетіреске толы болды. Екі клуб та алма-кезек шабуылға иек арта бастады. «Атлетико» шабуылын үдетіп, Ненад Эрич қақпасына қауіп төндіруге ұмтылды. Ал Станимир Стойлов шәкірттері қарымта шабуылда ойнауға көшті.

Негізгі уақытқа бас төреші 3 минут қосты. Кездесудің соңғы секундында Ненад Эрич командасын голдан құтқарып, 0:0 есебін сақтап қалды. Сондай-ақ қазақстандық клуб осы маусымдағы Чемпиондар лигасындағы өз алаңындағы ойындарында қарсыластарына есе жіберген жоқ.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама