«Астана» футбол клубы жариялаған ақындар байқауының 2 жеңімпазы анықталды
Байқау талабы бойынша, қатысушылар «Астана» футбол клубының жеңістері мен ойыншылары, бапкерлер құрамы туралы өлең немесе поэма жазып 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында клубтың электронды поштасына жіберулері керек болған.
Осы аралықта, байқау ұйымдастырушыларына 50-ден астам шығармашылық жұмыс келіп түсті. Байқау жеңімпаздарын клубтың шығармашылық тобы анықтап, екі жұмысты үздік деп тапқан.
Алғашқы жүлдеге тағайындалған «Астана» командасының спорттық олимейкасын белгілі спорт журналисі Амангелді Сейтхан жеңіп алды. Назарларыңызға Амангелді ағамыздың «Станимирге хат» деп аталатын өлең жолдарын ұсынамыз:
Стойлов! Қаһармансың,
«Босс» деген ат алғансың.
Маусым сайын Хасковоңа,
Алтын медаль апарғансың.
Жігіттерді шынықтырдың,
Жеңіс жолын біліп тұрдың.
Ойыны жоқ команданың,
Ой-өрісін тұнық қылдың.
Аничичті құрыш көрдің.
Эричті де ырыс көрдің,
Қабылетін Серікжанның,
Басқалардан дұрыс көрдің.
Таңатты да таң асырдың,
Бабын таптың сан асылдың.
Артық боп тұр өзгелерден,
Абзал сынды бағасы ұлдың.
Твумаси туың болды,
Іске Каньяс мығым болды.
Максимович испан асып,
Орта тұста шығын болды.
Деспотович жанын салды,
Кабананга барын салды.
Логовиненко деген жігіт,
Доп тоқтатты, голын салды.
Малыйлар да жақсы ойнай ма?
Кетевоама Фокси қайда?
Щеткиндердің, кеткендердің,
Әр қайсыса көп қинайды, ә.
Көрініс бер, тағы да өрден,
«Астанаң» бар, сәні келген
Чемпиондық биіктерге
Жетелесін Тағыберген...
Ал, екінші жүлдеге тағайындалған «Астана» командасының логотибі белгіленген бас киім мен шарф-барскарф Салимов Нұржанға бұйырды.
Астанаға арнау
Доп додасы естіртсе ысқырығын,
Түрткілеуші ед елімнің ішкі мұңын...
Жәй жатса да айбатты қазағымның,
«ФК Астана» көрсетті-ау күштілігін.
Көсілейін иіріп ой ұршығын,
Ақтарылсын ағынан ойым, шыным.
Күн туыпты қазаққа, жанкүйерлер,
Жейделерін сұрайтын ойыншының.
Артта қалды жеңіліс көп келетін,
Артта қалды қиын күн өткеретін.
Арқадағы мықтының арқасында ,
Жол салынды батысқа доп тебетін.
Футболымның көп айтып келекесін,
Бәз біреулер алғанда берекесін.
Сынға ілінген спортты сәл де болса,
Сүйреп жүрген сүйкімдім сен екенсің.
Босағасын аттаған тұлғаларға,
Қожайыным құшағын бұлдамауда.
Қонақтарын төріне шығарса да,
Шығармаған басына бұл команда.
Бұл Астана - абырой, намыс, жігер
Барар жолы әлі алда, алыс жүрер.
Таланттылар тағы да таң қалдырар,
Табынушы табылса табыс тілер...
Байқауда топ жарған жүйріктерді шын жүректен құттықтаймыз! Жеңімпаздар жүлделерін төмендегі байланыс телефонына хабарласып алып кете алады: +7 705 9019292
(Байқау идеясының авторы – танымал қазақстандық спорт журналисі Нұрғазы Сасаев)