Астана футбол клубы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыға алмады. Елордалық команда Динамо Загребке қарсы қарымта ойында да жеңіске бастар жолды таппады. Загребтегі Максимир стадионында өткен ойында алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голды 74 минутта Марио Гавранович соқты. Елордалық команданың бас жаттықтырушысы Роман Григорчук Джуниор Кабананганы негізгі құрамда шығарған жоқ. Шабуылда Янгоға сенім артты. Ойынның аяқталуына 10 минуттан асық уақыт қалғанда ғана ойыншы алмастырды. Кабананга, Мужиков пен Щеткинді шығарды. Астананың шабуылда адуыны артқанмен, гол соға алған жоқ. Бір гол соққанмен, төреші оффсайд болғанын аңғарып, нәтижені есепке алмады. Ал Джуниор Кабананганың алыс қашықтықтан тепкен добы қақпа бағанына тиіп, биікке серпілді. Бір апта Астанада өткен ойында да хорватиялық команданың мысы басым болған еді. Бұл жолы да басымдығын байқатты. Қос ойын қорытындысы бойынша (3:0) Динамо Загреб Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтті. Онда Швейцарияның Янг Войз командасымен кездеседі. Астана Чемпиондар лигасынан шығып қалғанмен, еурокубок ойындарын Еуропа лигасында жалғастырады. Бұл жарыстың плей-офф кезеңінде Кипрдің АПОЭЛ және Израильдың Хапоэль Беэр Шева командалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі. Екі команда арасындағы алғашқы ойын 2:2 есебімен аяқталған.