«Астана-Арена» стадионының жасанды желегі ауыстырылды
Стадион соңғы үлгідегі сапалы жасанды желекпен жабдықталған. Ойында футболшыларға қолайсыздық тудырмайтын көрінеді. Осыған дейін Астанаға ат басын бұрған Златан Ибрагимович, Томаш Росицки, Филипп Лам сынды танымал футболшылар стадион желегінің сапасы сын көтермейтінін айтып кеткен еді.
«Астана-Арена» стадионының жасанды желегін ауыстыруға бір айға жуық уақыт кетіпті. Жаңа жабындағы алғашқы ойын ел Суперкубогының ойындарымен басталады. Осыған дейін бұл стадионда «Астана» футбол клубының, «Бәйтерек», «Астана-1964» командаларының, Қазақстан ұлттық құрамасының, қарағандылық «Шахтердің», жастар құрамасының, әйелдер құрамасының ойындары, сонымен қатар, әртүрлі деңгейдегі турнирлер өткізілген еді. Алдағы уақытта да мұндай ойындар өз жалғасын табатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, «Астана-Арена» стадионы 2009 жылы ашылған болатын. Бір мезетте 33 000 жанкүйер қабылдай алады.
Сурет: vesti.kz