"Астана" 2019 жылғы Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды
Маусымашар ойында елордалық команданың асығы алшысынан түсті. Шабуылда ширақ ойнап, қорғаныста қырағылық танытты. Алғашқы гол да көп күттірмеді. 8 минутта Роман Мұртазаев берген пасты Джуниор Кабананга оңтайлы пайдаланып, гол соқты. Шабуылшы тепкен допты Стас Покатилов қайтарып үлгермеді.
Бірінші тайм аяқталар тұста "Қайраттың" қарқыны артқанмен, таразы басын теңестіре алмады. Есесіне екінші таймда "Астана" шабуылдағы адуынын арттырды. 66 минутта Роман Мұртазаев "Қайраттың" бірнеше қорғаушысын алдап өтіп, Джниор Кабанангаға пас берді. Шабуылшы сол аяғымен шиіре теуіп, "Қайрат" қақпасына екінші голын тоғытты.
Алматылық команда ойынды 10 футболшымен аяқтады. 85 минутта Эсеола ереже бұзғаны үшін алаңнан қуылды.
"Қайраттың" бас жаттықтырушысы Алексей Шпилевский командасымен алғашқы ресми ойынына шықты.
Айта кетейік, "Астана" мен "Қайрат" 2015 жылдан бері Суперкубок ойынында кездесіп келеді.
Елордалық команда бүгін бұл жүлдені төртінші рет жеңіп алды. Осыған дейін "Астана" 2011, 2015 және 2018 жылдары иеленген еді.