Лондонның Арсенал футбол клубын испан маманы Унай Эмери жаттықтыратын болды. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады. Биылғы маусым аяқталысымен канонирлерді 1996 жылдан бері жаттықтырып келген Арсен Венгер қызметінен кетті. Француз жаттықтырушысы 22 жыл ішінде Арсеналмен 17 үлкенді-кішілі жарыстарда топ жарған. Жаңадан келген бас жаттықтырушы осыған дейін Париждің ПСЖ клубын жаттықтырып келген еді. Франция чемпионатын, кубогын және лига кубогы мен Суперкубогын екі реттен жеңіп алды. Ал оған дейін Испанияда Лорка Депортиво, Альмерия, Валенсия мен Севилья командаларын жаттықтырған. Әсіресе Севильямен Еуропа лигасында үш рет жеңіске жетті. Сондай-ақ Мәскеудің Спартак клубын да бас жаттықтырушы болған. - Әлемдегі ең танымал клубқа қызметке келгеніме қуаныштымын. Арсеналдың ойын мәнерін, жастарды таныту мен қолдаудағы артықшылықтарын бүкіл әлем біледі. Стадионы да ғажап. Осындай ұлы клубқа жаттықтырушы болып, оның жаңа тарихын бастағалы отырған мен бақыттымын, - деген Унаи Эмери клубтың ресми сайтына берген сұхбатында. Айта кетейік, Арсенал осы маусымдағы ағылшын премьер-лигасын 6-орында аяқтады. Алдағы маусымда Еуропа лигасында ойнайды.