10 қараша күні Мәскеуде АСВ 90 турнирінде қазақстандық Арман Оспанов пен ресейлік Расул Мирзаев кездесетін болған. Алайда жақында белгілі болғандай, бұл жекпе-жек өтпейтін болды. АСВ (Absolute Championship Berkut) ұйымының әлеуметтік желілердегі парақшалары хабарлағандай, қазақстандық спортшы денсаулығына байланысты кездесуден бас тартқан. Нәтижесінде Арманды бразилиялық Глеристон Сантос алмастырды. Арман Сұңқар Оспанов пен Расул Мирзаев арасындағы жекпе-жекті қазақстандық жанкүйерлер асыға күткені рас. Осыған дейін дағыстандық спортшы отандасымыз Ержан Естановпен үш рет кездесіп, үшеуінде де айласын асырып кеткен-ді. Сол есені Арман қайтара ма деп жанкүйерлер үміттенгені рас. Одан өзге екі спортшы арасындағы кездесулер осыған дейін де өтетіні хабарланып, кейіннен өтпей қалғаны бар. Сұңқар деген лақап атпен танылған отандасымыз АСВ аясында соңғы рет өткен жылдың желтоқсан айында жекпе-жек өткізді. Ресейлік Александр Полпудниковке төрешілер шешімімен жол берген еді. Ал 5 мамырға жоспарланған жекпе-жегінде қарсыласы Акоп Степанян октагонға шығуға аз уақыт қалғанда бас тартқан болатын. Расул Мирзаев АСВ ұйымы аясында алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Бұл ұйыммен барлығы 6 кездесу бойынша келісімге келген.