Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Арман Әшімов М-1 Challenge чемпиондық атағын иелене алмады. Украиналық спортшы Александр Доскальчукке қарсы кездесуде жарақат алып, жекпе-жекті екінші раундтан кейін жалғастыра алмады. Арман мен Александр Санкт-Петербургте өткен M-1 Challenge 92 турнирінде кездесті. Жеңілірек салмақтағы қос спортшының бірі тұрақты чемпион (Александр) болса, екіншісі уақытша чемпиондық мәртебеге (Арман) ие еді. Сондықтан жанкүйерлер екі спортшы арасында қиян-кескі шайқас болады деп күтті. Бірінші раундты спортшылар бір-бірін аңдумен, реті келсе шабуылға шығумен бастады. Жүгіре жүріп ұрыс салуда Арманның басымдығын байқаған Александр аяққа жармасты. Шалып жығып, партерде соққыға алды. Екінші раундта да украиналық спортшы осы бір әдісін пайдаланды. Арманға қарсы осылай дайындалып келгенін байқатты. Тіпті қолын қайырып, ертерек жеңіске жеткісі де келді. Бұл әдісінен сытылып шыққан Арман қарсыласын жұдырықтың астына ала бастаған... Гонк дауысы естіліп, екінші раунд та аяқталды. Алайда жекпе-жек үшінші раундпен жалғаспады. Арманның қолы сынғаны мәлім болып, Александр Доскальчук өзінің чемпиондық атағын қорғап қалды. Арман Әшімов М-1 ұйымы аясындағы төртінші кездесуін өткізді. Осыған дейінгі үш кездесуінде жеңіске жеткен болатын. Спортшының ұйыммен келісімшарты 2 жылға жоспарланған.