Арли Чонтейге жүлде бұйырмады
Алматыдағы доданың бірінші күніндегі алтын жүлде Солтүстік Корея елінің қоржынына түсті. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында топ жарған Ом Юн Чхол жеңіс тұғырынан көрінді. Ол жарыс алдында-ақ фаворит саналған еді. Бірақ, солтүстік кореялық спортшы күмісті еншілеген Вьетнам елінің спортшысынан артық салмақ көтерген жоқ. Ким Туан Тхать да қос кезең қорытындысы бойынша 296 келіні бағындырған-ды. Тек алғашқысының салмағы 40 грамм ғана жеңілдеу болды. Қола жүлде «аспан асты елінен» келген зілтемірші Кин Куан Лонгқа бұйырды.
56 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Арли Чонтей жұлқа көтеруде үш мүмкіндігін де сәтті орындады. Үздік көрсеткіші 129 келі болды. Серпе көтерудің бірінші мүмкіндігінде 145 келіні оңай еңсергенмен, кейінгі екі мүмкіндігінде 150 келіні еңсере алмады. Нәтижесінде қос сайыс қорытындысы бойынша 274 келімен алтыншы орынға тұрақтады.
Алматыдағы әлем чемпионатының бірінші күнінде-ақ әлемдік рекорд тіркелді. 2013 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Вьетнам елінің спортшысы Ким Туан Тхать Инчхондағы Азия ойындарында қол жеткізген рекордына жаңарту енгізді. Ол жұлқа көтеруде 135 келіні басынан асырып, жастар арасында рекорд орнатты. Зілтемірші бұл көрсеткішпен ғана шектеліп қалмай, серпе көтеруде 161 келіні бағындырып, қос сайыс қорытындысында жастар арасындағы жаңа рекорд орната білді. Тек, Вьетнам елінің өкілін 40 грамм салмақ қана алтын жүлдеден қақты.
Айта кетейік, Алматыдағы әлем чемпионаты 16 қарашаға дейін созылады. Ертең әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақтағы жеңімпаздар анықталатын болады.
Сурет: massaget.kz