«Арландар» ресейлік клубты екінші рет сүріндірді
Жерлестеріміздің сапынан алғаш болып шаршы алаңға көтерілген 49 келідегі Мардан Берікбаев қарсыласы Белик Галановты жеңіп, кездесуді «Арландар» жеңіспен бастады. Бас бапкер Сергей Корчинский артқан сенімді ақтаған былғары қолғап шеберіміз алғашқы жекпе-жегін сәтті аяқтап, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Екі боксшы да тең дәрежеде өнер көрсеткен. Алайда төрешілердің шешімі бойынша қазақстандық боксшы жеңімпаз болып танылды.
Екінші болып рингте Мардан Берікбаевтің жеңісті жолын 56 келіде шаршы алаңға көтерілген Мади Шоқанов жалғастырды. Алғашқы кездесуіне шыққан «Арландар» былғары қолғап шебері қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ал қарсыласы Никита Федорченко алғаш рет шаршы алаңға шығып тұрғандай тәртіп бұзумен ғана уақыт өткізді.
64 келіде жерлестеріміздің намысын қорғаған Асхат Уәлиханов та қарсыласы Максим Дадашевке мықтылығын таныта білді. Бірінші және екінші раундтағы қазақстандық боксшының соққылары қарсыласына дөп тиіп жатты. Соңғы раундтарда қорғанысты ойлаған боксшымыз шаршы алаңдағы басымдығын ұстап қала алды. Соның арқасында «Astana Arlans» мерзімінен бұрын жеңіске қол жеткізді.
75 келіде бақ сынаған Сергей Деревянченко ресейлік боксшы Петр Хамуковты еш қиналмастан жеңді. «Astana Arlans» клубының украиналық легионері 5 раундта да қарсыласын жойқын соққыларымен сабаумен болды.
«Astana Arlans» клубының 91 келідегі былғары қолғап шебері Василий Левит «Russian Boxing Team» клубының боксшысы Алексей Егоровпен жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. 2013 жылғы Еуропа чемпионы атанған ресейлік команданың былғары қолғап шебері де өз кезегінде аянып қалмады. Алайда осыған дейінгі үш кездесуде де жеңіске жеткен Василий Левит бұл жолы да қарсыласына мықтылығын таныта білді.
Енді «Astana Arlans» келесі кездесуін 7 ақпан күні мексикалық «Mexico Guerreros» клубымен өткізеді. Шаршы алаңдағы жекпе-жектер Мексика жерінде өтеді.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com