"Арландар" WSB жобасының финалына шықты

О Сансызбай Корреспондент

3 маусым күні Қостанайда өткен бірінші кездесуде елордалық команда 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Қарымта кездесудегі алғашқы екі жекпе-жек қорытындысы бойынша-ақ Нұрлан Ақүрпеков шәкірттері финалға жолдама алды.

52 келіге дейінгі салмақта команда капитаны Олжас Сәттібаев қарсыласы Фарел Ниалды жеңсе, 60 келіге дейінгі салмақта Закир Сафиуллин Майлнс Чадты екі рет нокдаунға түсіріп, жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады. Нәтижесінде Арландарды WSB жобасының финалына алып шықты.

69 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов Олжас пен Закирдің жолын жалғады. Ол Кумар Маноджды айқын жеңді. Ал 75 келіге дейінгі салмақта Арман Рысбек Томас Уитаккер-Харттан айласын асыра алмады.

Ауыр салмақтағы боксшылар жекпе-жегінде Нұрсұлтан Аманжолов Патрик Майлатадан жеңілді. WSB жобасындағы алғашқы жекпе-жегіне шыққан отандасымыз төртінші раундта нокдаун алды. Нәтижесінде Нұрлан Ақүрпеков жекпе-жекте шәкіртінің жеңілгені жайлы белгі беріп, кездесуді ерте аяқтатты. 

Қос кездесу қорытындысы бойынша "Astana Arlans" 7:3 есебімен жеңіске жетіп, жетінші маусымның финалына шықты.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама