Анатолий Бозе: "Астана" командасының ойыншысы болғаныма қуаныштымын"
— Анатолий, «Астана» баскетбол командасында өзіңізді қалай сезінудесіз?
— «Астана» командасының ойыншысы атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл команда маған өте қатты ұнайды. Ұжым ішіндегі қарым-қатынас та керемет.
— Сіз ұзақ уақыт бойы Аустралияда ойнадыңыз. Қалай ойлайсыз, WTB біріккен лигасы «жасыл құрлықтың» біріншілігінен жоғары ма?
— Иә. Әрине. WTB біріккен лигасы жалпы әлемдегі екінші Лига болып табылады. WTB лигасынан тек АҚШ-тың NBA біріншілігі ғана мықты.
— Команда сапындағы ойыншылармен танысып үлгердіңіз бе?
— Маған командадағы ойыншылармен тіл табысу қиын болған жоқ. Өйткені, мен ағылшын тілін де, орыс тілін де жетік меңгергем. Клубтағы барлық ойыншылармен қарым-қатынасым жақсы.
— Қазақстанның елордасы ұнады ма?
— Астана – өте әдемі қала. Шынымды айтсам, аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан астанасы дәл осылай көркейіп кетеді деп ойламаппын. Бұл қаланы – «Жаңа Дубай» деп айтсам, артық емес.
— Қазақстанда туысқандарыңыз бар ма?
— Иә. Мен Алматы қаласында дүниеге келгем. Туыстарымның көпшілігі Алматыда тұрады.
— Туыстарыңызды көріп үлгердіңіз бе?
— Өкінішке орай, мен әлі туыстарымды көріп үлгермедім. Өйткені, жуырда ғана оқу-жаттығу жиынынан келдік. Алдағы уақытта Алматыға жолым түсіп жатса, міндетті түрде туыстарымды аралап шығамын.
— «Астана» баскетбол командасы алдағы WTB біріншілігінде қаншалықты сәтті өнер көрсете алады деп ойлайсыз?
— Жаттығуларымыз жақсы өтуде. Егер әрбір ойында жұдырықтай жұмылып ойнайтын болсақ, кез келген команданы жеңе аламыз деп ойлаймын. WTB біріншілігінде мүмкіндігінше сәтті ойнауға тырысамыз.
— Қазақстанның баскетбол жанкүйерлеріне қандай тілек айтасыз?
— Мен Қазақстанның жалпы спортсүйер қауымынан «Астана» командасының әрбір ойынына келіп, бізді қолдауларын сұрар едім. Жеңіске бірге жетейік!
— Әңгімеңізге рахмет!
PS. Аустралиядан келген Анатолий Бозе өзінің тарихи отаны Қазақстан азаматтығын қабылдап, енді «Астана» сапында Анатолий Колесников тегімен Қазақстан азаматы ретінде өнер көрсететін болады.
Сұхбаттасқан: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: vesti.kz