Алты саусақты қақпашы «Малагаға» ауысты
«Жақсы қақпашы – жарты команда» демекші, Гильермо Очоа «мундиальда» өзін мойындата білді. Командасын қысылтаяң сәттерден құтқарып шықты. Алаң иелеріне қарсы кездесуде тең есептің сақталуына ерен еңбек сіңірді. Қырағылығы мен допқа жылдам ұмтыла білетін қабілетінің жоғары екендігін көрсетіп Еуропаның алпауыт ұжымдарының назарына ілікті. Өйткені, қақпашының әлем чемпионаты алдында француздық «Аяччомен» келісімшартының мерзімі аяқталған-ды.
Бүгін белгілі болғандай, Гильермо Очоа Испанияның «Малага» футбол клубында өнер көрсететін болды. Қақпашы мен команда үшжылдық келісімшартқа қол қойған. Осыған дейін бұл клубтың негізгі қақпашысы қызметін атқарып келген Вилли Кабальеро «Манчестер Ситиге» ауысқан болатын.
Қақпашының «Аяччоға» дейін Еуропаға асықпауын спорт басылымдары әр түрлі бағалаған. Соның бірі – алты саусағының болуы. Яғни, тумысынан алты саусағы бар Очоаның осы ерекшелігі үшін еуропалық ұжымдар қызықпапты-мыс. Тіпті ағылшындық «Фулхэм» командасына ауысқалы тұрған жерінен, ағылшын футбол федерациясы осы артықшылығын назарға алып қарсы болған көрінеді. Жақында өткен доп додасында, қақпашы жанкүйерлеріне алғыс білдіргенде түскен суретінде бес саусағы бары анық көрінеді. Мұны кей басылымдар бір саусағын ота жасатып алдырып тастаған деп хабарлап отыр. Ал «Nike» фирмасы қақпашыға ыңғайлы болу үшін арнайы қолғап тігіп береді деген ақпараттар бар.
2011 жылдан бері «Аяччоның» негізгі құрамында ойнап келген қақпашы жақын уақытта ресми түрде «Малага» ойыншысы ретінде таныстырылмақ.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: eurosport.ru