Алматыдағы әлем чемпионаты допинг дауынан шет қалмады
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, Алматыдағы әлем чемпионатында Корей Халық Демократиялық Республикасы, Албания және Өзбекстан құрамаларының спортшылары допинг қолданған. Алдағы уақытта «Б» сынамасынан кейін ауыр атлеттердің айыбы толықтай расталса, екі жылға дейін спорттан шеттетілуі мүмкін.
Допинг дауына іліккен КХДР үш спортшысы да жүлделі орынға іліккен. Ерлер арасында 62 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ким Ин Гук алтыннан алқа таққан еді. Жарыс алдында-ақ ол жүлделі орыннан үміткер спортшылардың көшін бастап тұрған. Сонымен қатар, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында топ жарған. Бірақ, қанынан алынған допинг сынама спортшыны Алматыдағы атағынан айырып отыр. Енді алтын жүлде индонезиялық спортшы Еко Ираванға табысталуы тиіс.
Әйелдер арасында 75 келіде бақ сынаған КХДР спортшысы Ким Ун Джу да алтын жүлдесін кері қайтарады. Оның қанынан да пайдалануға рұқсат етілмеген метилтестостерон дәрумені табылып отыр. «Б» сынамасы қорытындысынан кейін, бұл жүлде күміс жүлдені еншілеген ресейлік Надежда Евстюхинаға табысталуы бек мүмкін. Сонымен қатар, күміс жүлдегер атанған тағы бір корей спортшысы Ри Джонг Хва да допинг қолданған спортшылар тізіміне еніп отыр.
Албания құрамасының да үш спортшысы допинг қолданды деп айыпталып отыр. Олардың қатарында аталған ел тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Даниэль Годелли (77 келі) де бар. Оның қанынан спортшыларға рұқсат етілмейтін станозол дәрумені табылған. Енді оның алтыны қытайлық Жонг Гуошинге берілуі керек. «Б» сынамасы қорытындысы бойынша расталатын болса, төртінші орыннан көрінген отандасымыз Кирилл Павлов қола жүлдегер атанатын болады.
Даниэльден өзге жүлдеге ілікпеген албаниялық Бегай Ромела мен Хусейн Пулаку да рұқсат етілмеген дәруменді пайдаланған спортшылар тізіміне еніп отыр. Бұл екі спортшының қанынан да стеназол табылған.
Өзбекстан құрамасының да үш спортшысы допинг қолданғандар қатарына еніп отыр. Олар: Марина Сисоева, Манзурахон Мамасалиева және Махлийо Тогоева. Үшеуі де рұқсат етілмеген кленбутерол дәруменін пайдаланған.
Халықаралық допингке қарсы күрес агенттігі (VADA) алдағы уақытта тізімдегі спортшылардан «Б» сынамасын алатын болады. Бір айта кететіні, ауыр атлетика тарихында бірде-бір спортшы екінші сынама қорытындысында ақталып шыққан емес. Аталған спортшылар 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарынан шеттетілуі де мүмкін. Қорытынды шешім жыл соңына қарай шығарылады. Егер айыпталушы спортшылардың допинг қолданғандары расталып жатса, Алматыдағы әлем чемпионатындағы жалпыкомандалық есепте де өзгерістер орын алатын болады.
Cурет:almaty2014iwf.com