Алматыда өтетін Универсиаданың басталуына 100 күн қалды
Мерекелік жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек те қатысты. Жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, Универсиаданың маңызы мен ұйымдастырылуына, ел спорты тарихындағы алар орны жайлы айта кетті.
- Универсиаданың басталуына 100 күн қалуына орай ойындардың басты музыкалық тақырыбын таныстыру мерекесінде қауышқаныма шын жүректен қуаныштымын. Дүниежүзілік Универсиаданың Алматыда өтуі – ел тарихындағы айтулы оқиға. Еліміздің халықаралық мәртебесін, спорттық деңгейін жаңа бір белеске көтергелі отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ерекше назары мен қолдауының арқасында Алматы қаласы саңлақтардың жарысын, спорттың өрелі өлшемін көрсетпек. Әлемнің әр қиырындағы 56 елден келетін 2000 аса спортышының талабында өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе, әрі мақтаныш. Бұл дода қазақстандық спортшыларды желпіндірсе, қала тұрғындарына үлкен сый болмақ, - деді Бауыржан Байбек.
Универсиаданың музыкалық тақырыбы орындалған сәт
Алматыда өтетін Универсиадаға 100 күн қалуына орай қысқы Ойындардың басты музыкалық тақырыбы таныстырылды. Композицияның авторы танымал қазақстандық сазгер - Ислам Рақымжанов. Cонымен қатар, универсиаданың басталуына 100 күн қалғанына орай өткізілген мерекелік шарада аталған музыкалалық композицияны алғаш рет халық алдында қазақстандық әншілер Нұрлан Абдуллин, Лорен және де ән авторы бірге орындады.
Мерекелік іс-шара барысында Универсиаданың басты музыкалық әні таныстырылды. Сондай-ақ қазақстандық танымал өнер жұлдыздары Қыдырәлі Болманов, Али Оқапов, Нұржан Керменбаев пен Жанар Дұғалова доданың елшілері атанды.
Айта кетейік, Алматыдағы ХХVIII қысқы Универсиада ойындары 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді.