Алматыда ММА спортынан ел чемпионатының финалдық жекпе-жектері басталды
Жарыс 13 ақпан күні басталған. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 230-ға жуық спортшы қатысуда. Бүгін әр салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша Азия чемпионатына қатысатын спортшылар анықталады.
- Сәлем, Алматы. Аралас жекпе-жекті біріктіріп, сәтті қадам жасадыңдар, құттықтаймын. Бұл өте маңызды еді. Бүгін барлығы үшін мереке десек те болады. Алдағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы мықтылығын дәлелдейді деп сенемін. Бүгін ең мықтылар жеңсін, - деді ашылу салтанатында ресейлік маман Игорь Петрухин.
Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында "Қазақстанның ММА бірлескен федерацияларының қауымдастығы" ЗТБ атты жаңа құрылымы қалыптасты. Оған Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион мен грэплинг ұлттық федерациясы және NOMAD MMA федерациясы кірді. Ұйымға Қазақстанның белгілі спорт насихаттаушысы Ғалыжман Есенов жетекшілік ететін болды.
ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек (ағыл. Mixed Martial Arts) - жекпе-жек күрестері үшін тиімді техника элементтері, мектептері мен бағыттарын біріктіретін спорттың бірегей түрі. Ол Қазақстан Республикасында 2013 жылғы 26 маусымда спорттың ресми түрі ретінде танылды.