Алматыда ММА спортынан Азия чемпионатына қатысатын құрама жасақталады

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ ұйымдастырушы

Бірлескен чемпионат Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы және Қазақстанның ММА бірлескен федерациялары қауымдастығы қолдауымен ұйымдастырылуда. Жарыс 16 ақпанға дейін созылады.

Чемпионат аясында Ресей ММА одағының бүкілресейлік төрешілер алқасының төрағасы Виктор Корнеев, Қазақстан ММА федерациясы төрешілер алқасының төрағасы Павел Кан және 30 қазақстандық төрешінің қатысуымен төрешілер семинары өтті.

- Біз үшін спортшылардың ғана емес, сонымен қатар бүкіл команданың, төрешілердің кәсіби жағынан өсуі маңызды. Әділетті төрешілер шешімі – спортшылардың және ММА даму деңгейінің өсуі мен адал бәсекелестіктің кепілі, - деді Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек бірлескен федерациясының бас директоры Валихан Тен.

Қазақстанның ММА ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Баян Жанғаловтың айтуынша, бұл чемпионат Қазақстанның халықаралық ММА аренасындағы көшбасшылық рөлін бекіте түсуге жақсы мүмкіндік болмақ.

Ел чемпионатында барлығы 16 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Үздік шыққан спортшылар ұлттық құрама сапына шақырту алып, Тайландта өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Жарыстың финалдық жекпе-жектері 16 ақпан күні "Алматы Аренада" өтеді.

Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында "Қазақстанның ММА бірлескен федерацияларының қауымдастығы" ЗТБ атты жаңа құрылымы қалыптасты. Оған Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион мен грэплинг ұлттық федерациясы және NOMAD MMA федерациясы кірді. Ұйымға Қазақстанның белгілі спорт насихаттаушысы Ғалыжман Есенов жетекшілік ететін болды.

ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек (ағыл. Mixed Martial Arts) -  жекпе-жек күрестері үшін  тиімді техника элементтері, мектептері мен бағыттарын біріктіретін спорттың бірегей түрі. Ол Қазақстан Республикасында 2013 жылғы 26 маусымда спорттың ресми түрі ретінде танылды.

Одан бергі аралықта ҚР 6 чемпионаты, Қазақстанның әуесқойлар арасындағы 5 ММА кубогы өткізілді. Қазақстан әуесқой ММА бойынша 5 жыл қатарынан Азия құрлығында сөзсіз көшбасшыға айналып, осы спорт бойынша әлемдегі ең мықты елдер қатарына кірді.

 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама