Алматыда дзюдодан әлемдік «Гран-При» өтеді
Әлемдік беделі бар лицензиялық турнирдің санатына жататын «Гран-При» бәсекесі алдағы 4 жыл бойына елімізде өтетін болып шешілді. Бұл халықаралық дзюдо федерациясының қолдауымен шешімін тауып отыр.
Елімізде тұңғыш рет өтетін бұл аламанда ерлер мен қыздар салмағын қоса есептегенде, 14 жүлделер жиынтығы сарапқа салынады. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтетін әлемдік «Гран-Приге» дүние жүзінің 19 мемлекетінен 200-ге жуық татами шеберлері келеді деп күтілуде.
Байрақты бәсекеде еліміздің намысын 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков, 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегерлері Ержан Шынкеев пен Ленария Мингазова, 2009 жылғы Азия чемпионы Гүлжан Исанова, 2011 және 2013 жылдардағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ислам Бозбаев, 2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Елдос Сметов бастаған дзюдошылар қорғайтын болады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sport.nur.kz