Алматыда допингке қарсы ақпараттық-білім беру семинары өтті
Бүгінгі таңда Қазақстанның ауыр атлетика Федерациясы допингтен еркін спортшылардың жаңа ұрпағын өсіру бағытында бар күшін салуда.
Семинар бағдарламасы төмендегі сұрақтарды қамтыды:
- Адал күрес – спортшының негізгі қағидасы;
- Допинг – денсаулық үшін қауіпті;
- Спортшыларды фармакологиялық қамтамасыз ету мен оның мақсаттылығы;
- Допинге қарсы ережелерді қадағалауда жаттықтырушының рөлі және т.б.
Семинар жұмысына өз мансаптарын жаңа ғана бастайтын, бәлкім, төрт жылдан кейін, яғни 2020 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарында Республикамыздың намысын қорғай алатын - Алматы, Оңтүстік-Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген 200-ден астам жас ауыр атлетшілеріміз қатысты.
ҚР Ауыр атлетика Федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин балаларға арналған сөзінде:
- Спортта допинг түңілуден басқа ештеңе әкелмейді. Тек қана адал және ашық күрес жеңіспен, жарысқа қатысу сәттерімен толықтай кенелуге мүмкіндік береді, - деді.
Мамандардың сөз сөйлеулерінен басқа, жас спортшылармен интерактивті әңгіме өткізілді, ең кішкентай зілтеміршілер ойындар мен сайыстарға қатысты.
Сондай семинарлар ай сайын өткізілмек. Келесі іс-шара ағымдағы жылдың наурыз айында жалғасын табады.