Алматыда Буффонның жейдесі аукционға түсіп жатыр
Жейденің бастапқы бағасы 1000 доллар. Тауарды сатып алғысы келген кез келген адам World Class Almaty фитнес-клубына келіп тіркелуіне болады. Клуб Наурызбай батыр, 89 мекен-жайында орналасқандығын айтып өтейік. Сатылым бүгін басталып, нәтижесі маусым айының басында жарияланады деп жоспарланып отыр.
Жейдені ұсынып отырған - Константин Жарликов есімді азамат. Аукционнан түскен барлық қаражат сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге жұмсалмақ. Жарликов журналистерге берген сұхбатында: "Егер менің бұл қадамым сәбилердің өмірін сақтап қалуға ықпал етіп, оларды бақытты етер болса, осының өзі мен үшін бақыт. Футбол сүйер қауым біздің бұл әрекетімізге оң көзбен қарап, аукционға қатысып, үлесін қосар деген үмітім бар", - деп ағынан жарылды.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай шара бұдан бұрын Алматы қаласында 2011 жылдың 6 желтоқсаны мен 2012 жылдың 5 қаңтары аралығында өткен болатын. Ол жолы сатылымға Англия құрама командасы ойыншыларының қолтаңбасы бар доп шыққан болатын. Алғашқы бағасы 3000 доллар деп танылған доп екі есе жоғары бәске бағаланып сатылды. Түскен қаражат сал ауруына шалдыққан 4 сәбидің операциясына жетіп, олардың емделіп шығуына себеп болған еді.
сурет: football-wallpapers.com