Алматыда бокстан 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарысқа еліміздің 11 өңірінен 92 боксшы қыз қатысты. Бұрымды арулар арасындағы бокс додасы AIBA ережесі бойынша 10 салмақ дәрежесінде өтті. Жарысқа қатысушылар саны да жылдағыдан көп болды. Жарыс қорытындысы бойынша Анель Құдайберген (48 кг), Жансая Әбдіраймова (51 кг), Айзада Еслямғали (54 кг), Еркежан Даулетжанқызы (57 кг), Мария Гладкова (60 кг), Зарина Халилулла (64 кг), Мая Бейсебаева (69 кг), Надежда Рябец (75 кг), Гүлсая Ержан (81 кг) және Дина Исламбекова (+81 кг) өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды. Барлық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер құрмет граматолары мен жүлделеріне ие болды. Марапаттау рәсіміне Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысты. Карина Айзахметова, Балжан Асқар және Жұлдыз Тойкова жеңіске деген жігері үшін, Жансая Әбдіраймова мен Гүлсая Ержан үздік боксшы марапаттарына ие болды. Наталья Цой, Данара Ахметова, Әсел Шанашова мен Ержан Оспанбаев үздік төрешілер болып танылды.