Алматыда ауыл балалары арасында аламан турнир өтті
Ауқымды шара балалардың өздеріне сеніп, дарындарын көрсетуге мүмкіндік берді. Республикалық лиганы "Halyk" қайырымдылық қоры ұйымдастырып келеді. AUYL SPORT" жобасы осыдан үш ай бұрын 200 ауылдан 12 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысқан облыстық турнирлерден бастау алды.
Финалдық кезеңде ауыл балалары бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат сияқты спорт түрлері бойынша сайысқа түсті. Жарысқа қатысушылардың көбісі мұндай үлкен аренаға бірінші рет шықты.
Бокстан командалық есепте Жамбыл облысы жеңді, олар 1 алтын, 2 күміс және бір қола медаль еншіледі. Екінші орынды Ақтөбе, үшінші орынды Абай облысы жеңді.
Ал еркін күрестен командалық есепте Алматы облысы үздік болды - екі алтын, бір күміс медаль. Ал Атырау облысының балуандары бір алтын және үш қола жүлдемен екінші орын алды. Түркістан облысы үздік үштікті түйіндеді - бір алтын және екі қола медаль.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл балалары мен жасөспірімдерді спортқа тарту және қолдау және спортты насихаттап, бұқаралық спортты дамыту. Шараның бас демеушісі, әрі ұйымдастырушысы – "Халық" қайырымдылық қоры. Республикалық турнир жеңімпаздарына диплом, кубок және ақшалай сый табысталды. Одан бөлек, жас спортшылардың жол ақысын, тамағын және жатын орнын бәрін қор өтеп берді.
AUYL SPORT - бұл бәсекелестіктен гөрі, шабыт алаңы. Бұл ауыл балаларының жаңа көкжиектерін ашып, өзіне сеніп, үлкен жетістіктерге алғашқы қадам жасауына мүмкіндік. Біз олардың талантына сенеміз және олардың арманына жету жолында қолдау көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ жаттықтырушылардың білігін арттыруға күш саламыз, – дейді қордың Алматыдағы филиал директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Сондай-ақ бұл республикалық лига келер жылы да жалғасатыны жайлы айта кетті.
Жарысқа 15 өңірдегі 200-ге тарта ауылдан балалар қатысты. Бұл өзі ерекше жоба. Спорт жай ғана жарыс емес, тәрбие құралы да. Саламатты өмір салтын сақтау үшін ғана емес, балаларды тәртіпке, жауапкершілікке шақырады. Біздің мақсатымыз – спортты танымал ету ғана емес, қай жерде тұратынына қарамастан барлық балаларға тең мүмкіндіктер жасау. Мұндай бастамалар Қазақстанның болашағын құратын жастардың бойында сенім мен мінезді қалай арттыратынын көріп отырмыз. Биыл іріктеу еліміздегі жағдайларға байланысты кештеу басталды. Келер жылы ертерек бастап, финалдық кезеңін күзгі демалыс кезінде өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Ғалымбек Жақсылықов.
"AUYL SPORT" жобасы қордың ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған негізгі бастамаларының біріне айналды. Тек осы жобаға 500 миллион теңге бөлінді.
Бұл жоба жаңа мүмкіндіктер ашатын және шабыттандыратын алаң. Бұл балаларға қайсарлық пен талант кез келген шекараны жеңе алатынын дәлелдеп үлгерді.