Алматыда "Alash Pride FC" клубының спортшылары ашық жаттығу өткізді
Ең үлкен "Аматы Аренада" 12000 жанкүйердің алдында жекпе-жекке шығу спортшылар үшін үлкен жауапкершілік. Осы ауқымды турнирді абыроймен ұйымдастыру біздің де промоутерлік компания үшін зор міндет деді ол. Жекпе-жек кешінің басты кездесуі Арман «Сұңқар» Оспанов пен бразилиялық Тьяго Силва арасында болады. Сонымен қатар, осы күні қазақстандық Бахтияр «Туркпен» Несипбек (ММА- 2-0-0 рекорды), Асу «Зульфикар» Алмабаев (ММА- 4-2-0 рекорды), Асылжан «Сақ» Бахытжанұлы (ММА- 4-0-1 рекорды), Евгений «Метис» Егембердиев (ММА- 6-0-0 рекорды), Қаршыға «Беркут» Дауытбектер (ММА- 2-0-0 рекорды) мықты қарсыластармен сегізбұрышта айқаспақ.
Қазақстандықтардың ММА спортына деген қызығушылығы артып келеді. Сондықтан да, "ALASH PRIDE - ACB" турниріне билеттердің бағасын қолжетімді етіп 2000 теңгеден бастап сатуға шығардық. Жанкүйерлердің бұл ауқымды турнирден зор ләззат алып қайтарына күмән жоқ. Қазақстандық 7 файтерді қосқанда, АСВ промоушені өзінің мықтыларын сегізбұрышқа шығарып, жалпы 15 жұп сайысқа түспек. Осы жекпе-жек кешінде сарбаздарымыз үмітімізді ақтайды деген ойдамын, – деп атап өтті Данияр Қасқарауов.
Асылжан Бақытжанұлы:
Сегізбұрышқа келетін болсақ, жұдырықтасу әдісін ұнатамын. Кәсіпқой спортта жеті жекпе-жек өткіздім. Оның алтауында жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласыммен тең түстім. Тайланд еліндегі оқу-жаттығу жиындарында жүргенде жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс алып, келісімімді берген едім. Жекпе-жекке дайындық жақсы. Қазіргі таңда бапкерім және көмекші жігіттермен бірге жаттығудамын. Кездесуге дайындық мәселесі бойынша соларға толық сенім артып отырмын. Жалпы, қарсыласым тәжірибелі. Кәсіпқой деңгейде 40-қа жуық жекпе-жек өткізген. Бұйырса, бұл жекпе-жек өзім үшін де үлкен сынақ болмақ. Себебі өз елімде өнер көрсетемін. Ел үмітін ақтап, жеңіске жетуге барымды саламын.
Евгений Егембердиев:
Тайландта өткізген оқу-жаттығу жиындары барлығымызға жақсы дәріс болғаны анық. Менің қарсыласым мансабымда кездестірген ең мықты файтерлердің бірі болмақ. Әдеттегідей өзіме қолайлы тұрып төбелесуге басымдық беремін. Партерде де оған лайықты тосқауыл қойып, тартысты белдесу өткізуге қауқарлымын деп айта аламын. Сегізбұрышқа тек жеңіс үшін шығамыз. Себебі, біз өз төрімізде жанкүйерлерді жерге қартпауға тиіспіз. Көңіл-күйім мен дайындығым жақсы жүріп жатыр. 9-қыркүйекте өтетін бұл жекпе-жек додасында "ALASH PRIDE FC" сарбаздары үлкен шоу сыйламақ xалыққа.
Асу Алмабаев:
- Жаңа Евгений атап өткендей Тайланд еліндегі оқу-жаттығу жиындары бізді біраз шыңдады. Мен үшін "ALASH PRIDE-ACB" турнирі спортшылық жолымдағы ең үлкен жоба. Сол себепті тыңғылықты даярланып, қарсыласыма қарсы дұрыс тактика құру үшін көптеген зерттеу де жасадым. Жеңіліс дегенді білгім келмейді. Менің ойым 12 000 адамдық "Алматы Арена" төрінде жеңіске жетіп, елді қуанту. Мақсатым айқын, жоспарым тиянықты, құлшынысым зор. Бапкерлерім мен достарым барынша ақыл-кеңес айтуда. Аталмыш жекпе-жек кеші Асу Алмабаев үшін келесі бір ММА деңгейіне шығу деп білемін. Бұл мені тек жігерлендіре түседі.
Бақтияр Несіпбек:
- Мен әлі атақты жекпе-жек өкілі емеспін. Дегенмен, жауынгер ұлттың өкілі ретінде нағыз айқасқа келгенде тайсалмаймын. Тайландтан күні кеше ғана елге келдік. Дайындық жұмыстары ойдағыдай өтті деуге толық болады. Қолмен және аяқпен соққы жасау әдістерін шыңдап, күреске де көп көңіл бөлдім ол жақта. Мен қарсыласыма нақты бір жоспар құрдым деп айта алмаймын. Бар білетінім ол өз дивизионындағы азулы жекпе-жек өкілі. Сондықтан, тәжірибеме сүйеніп, теxникалық мүмкіндіктерімнің барлығын сегізбұрышта паш етпекпін. Қазір елдегі климатқа аздап қайта бейімделген соң, Алматы қаласында дайындықты әрі жалғастырамыз. "ALASH PRIDE-ACB" xалықаралық турнирінде бізді қолдауға шақырамын!