«Алматы туры» веложарысы биыл төртінші рет ұйымдастырылады

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ massaget.kz

«Алматы туры» веложарысы - жылдың басты додаларының бірі. Осы жылдан бастап жарыс жолын ұзарту мен бірнеше күнге созу жоспары қаралатыны туралы айтылған болатын. Дегенмен биылғы веложарыс та жылдағыдай бір күнге жоспарланып отыр. Велоспортшылар 31 шақырымнан тұратын әл-Фараби даңғылын алты айналмалы жол арқылы жүріп өтеді. Яғни, Алматыдағы доданың жалпы қашықтығы 186 шақырымды құрайды. Медеу, Көктөбе секілді көрікті аймақтар бұл жарыс жолының жоспарына 2017 жылдан бастап енгізілмек.

2016 жылғы «Алматы турына» қатысуға 14 велоспорт командасы тіркеліп үлгерген. Олардың әрқайсысында 5-8-ге дейін велоспортшылар бар.

- Жылдың басында бұл додаға қатысуға өтініш берген командалар көп болды. Бірақ біз барлығын қабылдай алмайтын болғандықтан, 14 команданы ғана шақырдық, - деді Қазақстан велоспорт қауымдастығының вице-президенті Аманбек Күлшіков.

2 қазан күні өтетін жарыстың басты фавориті ретінде «Астана» кәсіби велоклубы саналып отыр. Сондай-ақ еліміздің намысын «Vino 4-ever SKO» командасы мен ұлттық құрама қорғайтын болады. Отандастарымыздың басты қарсыласы ретінде Ресейдің «РусВело» және француздың «Marseille» клубтарын атауға болады.

Биылғы жарыстың жүлде қоры 39 мың евро саналып отыр. Жеңімпаз атанған велоспортшы 15 мың евро көлемінде сыйақы алады. Екінші орын иегеріне 10 мың, үшінші орын алған спортшы 5 мың евро көлемінде табысқа кенеледі. Сондай-ақ алғашқы жиырмалыққа енген спортшыларға да сыйақылар қарастырылған. Жарыс кезінде жанкүйерлер үшін түрлі ойындар мен акциялар ұйымдастырылады.

Айта кетейік, соңғы екі жылда «Алматы туры» додасында «Астана» командасының велошабандозы Алекцей Луценко топ жарған болатын.

Жарыс 2 қазан күні Астана уақытымен сағат таңғы 9:30-да басталады.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама