Биылғы Алматы туры халықаралық веложарысы 29-30 қыркүйекте өтеді. Велошабандоздар бәсекесі алтыншы рет байрағын желбіретпек. 2017 жылдан бастап жарыс көп күндік веложарыс мәртебесін алып, Халықаралық Велошабандоздар Одағының тәртібіне сәйкес оған 2.1 санаты берілді. Нәтижесінде былтыр алғаш рет екі күн қатарынан өтті. Биыл да екі кезең бойынша екі күнге созылады. Биыл веложарыстың бағыты қаланың орталық көшелерімен, Астана алаңынан бастау алып, дәстүр бойынша Шығыс айналма жолы Әл-Фараби шеңберінен өтеді. Мәре сызығы Медеу мұз айдыны маңында орналасқан. - Былтыр біз жарысты алғаш рет екі күндік еттік. Көпкүндік жарыс мүлдем басқа деңгей. Ұйымдастырудың шарттары өткен нұсқадағы жарыстармен салыстырғанда қатты ерекшеленді. Біз жаңа бағытты байқап көрдік. Жарысты қаланың мүмкіндігіне қарай бейімдедік. Бірінші және екінші күнде де сөрені жолдарға қатыстырмай белгілі бір ғимараттардың жанына бекіттік. Жолды жапқанға да солай жасадық. Өткен жылы оны ширағырақ ұйымдастырған болатынбыз. Велошабандоздар арнайы жолдарды өте берісімен, белгілі бір нүктеге жеткенде жолдар бірден ашылып отырды. Біз веложарысты тұрғындарға неғұрлым аз ыңғайсыздық танытатындай етіп жасауға тырысып бақтық деді Қазақстан велоспорт қауымдастығының вице-президенті Аманбек Кульчиков. Сонымен қатар, ол Халықаралық велошабандоздар одағы (UCI) жыл сайын қала әкімдігінің қолдауымен өтетін шараның ұйымдастыру деңгейі мен ауқымына жоғары баға бергенін айта кетті. - Жалпы Алматы велосипед мәдениеті қалыптасқан қала екенін түсіну қажет. Жылдан жылға қаланың инфрақұрылымы дамып келеді. Тұрғындар жалға беру жүйесі арқылы велосипедтерді белсенді қолдануда. Бұл бізді қуантады. Қала әкімдігі Алматының географиялық орналасуы мен ауа-райының ерекшелігін спорттың дамуына барынша сәтті пайдаланып жатыр, - деді. Алматы туры 2018 биыл да екі кезеңнен тұрады. Өткен жылдағыдай жарыс жолы түрлі көріністерден құралған. Жарыстың басты бөлігі асфальт төселген қаланың көшелерімен жүріп өтеді. Ал мәре сызығы биік орналасқан Медеу мұз айдыны тау бөктеріне келеді. Жарыстың бірінші кезеңі Қазақ-Британ техникалық университеті аумағынан бастау алады (Астана алаңы), сосын Қалалық айналым, Төле би көшесінен Достық даңғылына дейін, кейін Сәтбаев көшесінен жоғары қарай, Сәтбаев көшесінен Назарбаев даңғылына дейін, Назарбаев даңғылынан әл-Фараби даңғылына дейін, әл-Фараби даңғылынан Торайғыров көшесі айрығына дейін, қайтадан артқа қарай әл-Фараби даңғылы арқылы Сейфуллин көшесіне дейін, Сейфуллин көшесінен Сәтбаев көшесіне дейін, Сәтбаев көшесінен Байзақов көшесіне дейін, Байзақовтан Абай даңғылына дейін төмен, Абай көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін, соңында Желтоқсан көшесінен Төле би көшесіне дейін. Барлығы - 7 айналым. Мәре сызығы Астана алаңында болады. Бірінші кезеңнің жалпы ұзындығы - 183,4 шақырым. Екінші кезең Халық Арена ғимаратынан басталады, одан кейін Шығыс айналма жолы Әл-Фараби шеңберімен айналым Құлжа трактісі айырымы бұрылысы, Тұңғыш Президенті саябағынан бұрылыс, мәре бөлімі Тұңғыш Президенті саябағынан, ары қарай Достық көшесі Медеу мұз айдыны жерінде. Жалпы ұзындығы 152,2 шақырым. UCI тәртібіне сәйкес, Халықаралық кәсіби шоссе веложарысына кәсіби командалар, проқұрлықтық командалар, құрлықтық командалар және ұлттық құрамалар қатыса алады. Astana ProTeam қазақстандық кәсіби командасы Алматы турда дәстүр бойынша өнер көрсетеді. Жалпы 2018 жылы жарысқа әртүрлі категория бойынша 21 халықаралық велосипед командасы қатыспақ. Алматы туры 2018 жарысының бас телекөрсетілімін Qazaqstan мен Qazsport телеарналары көрсетеді. Одан бөлек, жарыстың екінші кезеңі жайлы аудиториясы 60 миллионға жуық адамды қамтитын Евроспорт телеарнасы тікелей эфирде хабар тарататын болады. Айта кетейік, Алматы туры веложарысында төрт рет топ жарған спортшы Алексей Луценко биыл да бақ сынайды. Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына екі алтын медаль салған велошабандоз басты фавориттердің бірі.