"Алматы туры-2017". Екікүндік веложарыс бағытының ерекшеліктері

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ velolive.com

Биылға дейін веложарыс 1.1 категориясымен "біркүндік" форматта өтіп жүрген еді. Енді велосипедшілердің халықаралық одағының (UCI) күнтізбесінде "Алматы туры" 2.1 болып белгіленді: UCI категорияны жоғарылату бойынша сұранысты қанағаттандырды. Бұл бірінші кезекте қатысушылардың көбеюіне ықпал етіп, бара-бара мықты спортшылар келе бастайды деген сөз.

Оның үстіне әртүрлі жолда жарысқа түсетін спортшыларды тартуға мүмкіндік туып отыр. Бесінші "Алматы туры" қатысушылар қала көшелерінде ғана жарыспайды. Ендігіде қатысушылар таулы аймақта да жарысып, Медеу мұз айдынында мәре сызығын кесіп өтеді.

Сонымен, мәресі мен сөресі екі түрлі жерде болатын қос кезең белгіленді. Жарысты мұндай жолмен ұйымдастыру автомобиль қозғалысын барынша аз уақытқа ғана жабуға мүмкіндік береді. Жол қозғалысындағы жүктемені барынша азайту үшін тасжолдарды жедел, динамикалық жабу әдісі қолданылады - спортшылар мәреге жеткен соң қозғалыс бірден жанданады.

Сонымен қатар, сөресі мен мәресі жол бөлігінде орналаспайды.

"Жарысқа түсушілер өтетін жалғыз ғана қиын аралық - Төле би, Фурманов, Сәтбаев, Байзақов көшелері, Абай даңғылы және Желтоқсан көшесімен әрқайсысы тоғыз шақырым болатын үш айналым. Велошабандоздардың жылдамдығын есепке алғанда "қалалық айналымның" 27 шақырымын жүру өту 30-40 минутты алады, бұдан кейін спортшылар маршрутын жалғастырып, көшелер қайтадан ашылады да, қалалық көлік қозғалыс жанданады.

Турдың сөресі мен мәресі орналасқан аймақтың бірінші күні де, екінші күні де жол бөлігінде емес, ғимарат алдында болатынын атап өту маңызды. Алматы сияқты ірі әрі қозғалысы жоғары шаһарда барлық техникалық кедергіні есепке алу керек және қалалықтарға келтірілетін ыңғайсыздықты барынша азайту жағдайларын жасау қажет", - деп атап өтті Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев.

Бірінші кезең 30 қыркүйекте "Астана" алаңының маңында, Қазақ-Британ техникалық университеті территориясынан бастау алады. "Қалалық айналым" Төле би, Фурманов, Сәтбаев, Байзақов көшелерін, Абай даңғылын және Желтоқсан көшесін қамтиды. Бұдан кейін пелотон шығыс айналма автожолына қарай бет алып, ары қарай әл-Фараби, Сайын және Момышұлына тартады. Мәре "Алматы Арена" территориясында болады.

Келесі күні велошабандоздар "Халық Арена" ғимаратына барып, осында екінші кезең бастау алады. Маршрут кестесі: айналым (шығыс айналма автожолы - әл-Фараби); бұдан кейін Құлжа тасжолындағы жолайрықпен бұрылады; тағы бір бұрылыс Тұңғыш Президент Саябағындағы жолайрықта. Соңында қорытынды үзік Тұңғыш Президент Саябағынан Медеу мұз айдынына дейін (Достық даңғылымен).

"Алматы турына" қатысқан мамандар мен спортшылардың тау жоталарына көз тастап тұрып "Жаныңда мынадай байлық тұрғанда - қолданбаудың өзі күнә ғой" дегендері есімде. Алайда біркүндік жарысқа таулы жол сәйкес келмеді - қаланың орталық көшелеріндегі адамдар да жарысты тамашалай алуы керек қой, оның үстіне барлық спортшыға мүмкіндік беру қажет. Бұл жолы қос кезеңнің бірі "демократиялық" болса, екіншісі нағыз сүзгіден өткізетін таулы жол болмақ. Мұнда барлық спортшыға мүмкіндік беріледі", - деп пікір білдірді ресейлік белгілі спорт журналисі әрі комментатор Сергей Курдюков жаңа маршрут жайында. 

Түрлі жолдағы жарыс қоскүндіктің әсерлі бола түсетініне де септеседі. Көрермендер қала ішіндегі тартысты жарыстың куәсі бола алады, оның үстіне таулы жолдағы нағыз тайталасты да тамашалай алады. Жарысты маршрут бойында тамашалауға мүмкіндік бар. Ал екінші кезеңде жанкүйерлерге арнайы Медеуге көліктер жүреді: Алматыда мәре орнына жеткізетін көліктер екі жерден аттанады.



Жарыстағы тартыс дәл осы жеңімпаз анықталатын таулы үзікте болады деп күтіледі. Негізгі фаворит ретінде "Астана" спортшысы Алексей Луценко аталып отыр. Ол "Алматы турының" үш дүркін жеңімпазы. Бұл аз десеңіз, Луценко оң-солын талғамайтын палуандай тегіс жолда да, таулы жолда да жүре алады.  

Еске салайық, "Алматы туры" кәсіби веложарысы 2013 жылдан бері өтіп келеді. Бұл жылы мерейтойлық, бесінші тур алғаш рет екі күнде өтеді - 30 қыркүйекте және 1 қазанда. 29 қыркүйекте Республика Сарайының алаңында қатысушы командалардың таныстырылымы өтеді.

Веложарыссүйер қауымға 28 қыркүйекте спортшылармен әуесқой жарыс, конкурстар және ұтыстар ұсынылады. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама