"Алматы Тур" кезінде қай көшелер жабылады?
Сонымен 1 қазаннан 2 қазанға қараған түні сағат 00.00-де әл-Фараби даңғылы мен көпір асты арқылы кететін Фурманов көшелері, 2 қазан күні Құлжа айналымы мен Шығыс айналым көшелері толығымен жабылады. Әл-Фараби даңғылымен Мұстафин көшесіне дейін, Фурманов көшесінің бұрылысы, оңтүстік-батыс, солтүстік- батыс кіре берістері де жабылады.
«Алматы Тур» бәйгесіне 14 құрама қатысатын болады. «Астана» кәсіби велоқұрамасымен қатар, екі құрлықтық құрама Delko Marseille Provence KTM және «Газпром – РусВело», құрлықтық Unieuro Wilier, Kolss BDC Team, Synergy Baku Cycling Project, Norda-MG.Kvis, Pishgaman-Giant Team, Ningxia Sports Lottery – Livall Cycling Team, Rietumu-Delfin, Terengganu Cycling Team, Vino 4EVER SK және де Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық құрамалары бар.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі сағат 14:00 кезінде «Нұрлы Тау» көпқызметті кешенінің жанында болады деп жоспарлануда. Айта кету керек, дәл осы кезде жанкүйерлер өздерінің сүйікті шабандозадырымен суретке түсіп, қолтаңба ала алады.
Велошабандоздар дәстүрлі түрде «Нұрлы Тау» көпқызметті кешенінен жарысты бастап, Мұстафин көшесіне дейін жетіп, қайта артқа Шығыс айналымы арқылы Талғар жолына бет алады. Бір айналым 31 км құрайды. Жарысқа қатысушылар барлығы 6 айналым жасайды, бұл 186 км.
Веложарыстың жүлде қоры – 39 мың евро. «Алматы Тур – 2016» жеңімпазы 15 мың евро алса, екінші, үшінші орын алғандар он және бес мың евро көлеміндегі ақшалай сыйға ие болады. Ал қалған жүлде қоры алғашқы жиырмалыққа іліккен қатысушыларға беріледі.
Қоса кету керек, әл-Фараби даңғылының бойына UCI ережелеріне сәйкес ұйымдастырылған, «Алматы Тур» қатысушылары үшін арнайы «жасыл аймақ» болады. Екі жыл қатарынан өтіп жатқан «Алматы Тур» бәйгесінің дәрежесін Халықаралық велосопид қоғамы 1.2-ден 1.1-ге көтерді. Бұл ең үздік деген велошабандоздардың құрамасы қатысуға мүмкіндік алады деген сөз.