22 сәуір күні Алматы марафоны өтеді. Осыған орай Алматы қаласының бірқатар көшелері жарыс күні уақытша жабылады. Бұл жайында жарыстың ұйымдастырушы комитеті хабарлады. 22 сәуір күні сағат таңғы 5.00-ден түскі 14.30 дейін Алматы марафоны өтетін көшелер жабылып, көлік қозғалысы тоқтатылады. Сатпаев көшесі Желтоқсан көшесінен Назарбаев даңғылына дейін 21 сәуір күні 12.00-ден 22 сәуірге дейін сағат 17.00-ге дейін жабық болады. Назарбаев даңғылы бойынша Сатпаев көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейін сағат 05:00-ден 12:00-ге дейін жол қозғалысы толығымен тоқтатылады. Әл-Фараби даңғылы бойынша Назарбаев даңғылынан Сайын көшесіне дейін сағат 05:00-ден 13:00-ке дейін жол қозғалысы жабық болады. Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағы көлік қозғалысына ашық болады. Сайын көшесі бойынша Әл-Фараби даңғылынан Абайға дейін жол қозғалысы 05:00-ден 13:30-ға дейін жабылады. (Жолдың батыс жағы автотранспорт қозғалысына ашық болады). Абай даңғылы Сайын көшесінен Байтүрсынов көшесіне дейін (Жолдың солтүстік жағы көлік қозғалысына ашық болады), Сатпаев көшесі Байтұрсыновтан Желтоқсанға дейін, Байтұрсынов көшесі Абайдан Сатпаевқа дейін сағат 05:00-ден 14:00-ге дейін жабылады. Шашкин көшесі Әл-Фараби даңғылынан Тимирязев көшесіне дейін, Тимирязев көшесі Шашкин көшесінен Әуезовке дейін, Сатпаев көшесі Әуезов көшесінен Байтұрсыновқа дейін, Манас көшесі Тимирязев көшесінен Абай даңғылына дейін сағат 05:00-ден 10:30 аралығында жабылады. Батыс Желтоқсан көшесі Әл-Фараби даңғылынан Тимирязев көшесіне дейін, Желтоқсан көшесі Тимирязев көшесінен Сатпаевқа дейін, Тимирязев көшесі Батыс Желтоқсаннан Желтоқсан көшесіне дейін 06:00-ден 8.30 аралығында жол қозғалысы жабылады. Алматы Марафон еліміздің ең ауқымды жүгіру шарасы. Марафонға Қазақстанның аймақтарынан ғана емес, басқа елдерден де қатысушылар жиналады. Марафон өтетін жолдарды жабу әлемдік тәжірибеде бар. - Біз көлік бағдары мен жабылу уақытын барынша ыңғайлы етіп жасауға тырыстық. Барлық қатысушылар өз қашықтығын өткеннен кейін жолдар бірден ашылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын түсіністікпен қарауға өтінеміз. Алдын ала жексенбі күніне жол жоспарын құрғандарыңыз жөн, - дейді Алматы Марафонының басшысы Салтанат Қазыбаева. Жолдың жабылуына байыланысты қатысушыларды сөреге (Республика алаңы) Абай даңғылы бойынша метромен немесе Абай даңғылымен жүретін автобуспен (солтүстік бағыт) келуді сұраймыз. Назар аударыңыздар, сөре мен мәре орналасқан аймақта (Республика алаңы) көлік қоятын орын болмайды.