Алматы жартылай марафонында 5 мыңнан астам адам жүгірді
Сөреде барлық қатысушыларды Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев құттықтады. Жарыстың бас дәрігері – Оразбек Сахов, бас серіктес – Onlinebank өкілі Дәурен Сартаев және жарыс директоры Салтанат Қазыбаева тілек сөздерін айтты.
Таңғы сағат 8-де сөреден бірінші болып 10 км-ге қатысушылар мен скандинавиялық жүріс өкілдері шықты. 8:32-де мәреге осы қашықтықтың жеңімпазы Денис Степаненко келді. Әйелдер арасында 10 км-де алғашқы болған – Екатерина Грицай.
Сағат 8:20-да жартылай марафоншылар – әуесқой спортшылар, эстафета қатысушылары, сондай-ақ кәсіпқой жеңіл атлеттер, жартылай марафоннан (21,1 км) Қазақстан чемпионатының қатысушылары сөреге шықты.
Жартылай марафоншылардың арасынан мәре сызығына бірінші болып жеткен халықаралық деңгейдегі жеңіл атлетикалық спорт шебері Ринас Ахмедеев болды. Оның мәре уақыты - 1 сағат 5 минут және 11 секунд және де бұл көрсеткіш Алматы жартылай марафоны жол бағытының абсолюттік рекорды.
1:06:57 нәтижесімен жүгіріп келген Келманов Ракымжан Қазақстан Республикасы Чемпионы атағына ие болды.
Әйелдердің арасынан мәреге бірінші болып жеткен Талдықорған қаласынан Мадина Керимова болды. Сондай-ақ ол 1 сағат 18 минут 52 секунд уақытымен жартылай марафоннан Қазақстан Республикасы Чемпионы атанды.
Бүгінгі жарыс – бұқаралық спортты дамытудағы үлкен қадам. Әуесқой спортшылар, Қазақстан чемпиондарымен және басқа елдерден келген атлеттермен қатар, ең мықты атағына бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Сөреге барлығы әлемнің 28 елінен, атап айтқанда, ТМД елдерінен келген спортшылар шықты, - деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының директоры және жарысты ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева. Біздің мақсатымыз – спортты барынша көп адамға қолжетімді және тартымды ету. Спорт – бүгінде сәнді хобби немесе қандай да бір ерекшелік емес, бұл – қажеттілік. Оқиғалар жылдам өзгеріп, келеңсіз жаңалықтар көбейіп жатқан қазіргі әлемде салқынқандылық сақтап, сергек болу маңызды. Бұл тұрғыда спорт – таптырмас көмекші.
Эстафета командаларының арасында JRun жүгіру мектебінің командасы жеңіске жетті.
Алматы жартылай марафонының экиден сайысына 32 команда қатысты. Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz, "Алаш Айнасы" сайттары, СТВ телеарнасы, Тенгри FM, Жұлдыз FM радиосы және The Spirit of Tengri, TengriMix, TengriTravel, TengriTV жобалары кіретін Alash Media Group холдингінен 2 команда қатысты. Жекелей сында 19 қатысушы бақ сынады.
Alash Media Group командасы жалпы есепте 5-ші орыннан көрініп, үздіктер қатарынан орын алды. Tengri командасы 12-орыннан көрінді. Екі команда да Alash Media Group холдингі жобаларынан құралған және жүгіру жолын жуырда дүниеден озған медиа маман, холдинг директоры Батыр Қазыбаевты еске алуға арнады.
Мен 2014 жылдан бері жүгіруді бастадым. Марафонға ерекше көңіл-күй, айрықша әсер алу үшін қатысамын. Адамдар керемет эмоциямен, отбасымен және достарымен келеді. Мен нәтиже үшін жүгірген емеспін, бастысы - рух, ерекше атмосфера мен эмоция болса. Адамдар бір-бірімен кездеседі, өздеріне жаңа дүние ашады. Біз әрқашан "Алматы марафонын" қолдаймыз. Біз бұл жүгіру жолымызды холдинг басшысы болған Батыр Қазыбаевты еске алуға арнаймыз. Ол әркез біздің спорттық бастамаларымызды қолдайтын. Экидендегі командаларымыз Батыр Қазыбаев құрған жобалар негізінде жасақталды. Саламатты өмір салтын насихаттайтын спорттық іс-шараларды қолдауға біз әрқашан дайынбыз, - деді марафонға қатысушы, "Effective Media Liaison" ЖШС директоры Сұңқар Қарабалин.
Мәреден кейін барлық қатысушыларды Орталық стадион сахнасында чирлидерлер мен музыкалық топтар өнер көрсетіп, жарыс жеңімпаздарын марапаттау жүрген үлкен ойын-сауық бағдарламасы күтіп тұрды. 21 км-де абсолюттік есептегі жеңімпаздар ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті: 1-ші орынға – 450 000 теңге, 2-ші орынға – 400 000 теңге, 3-ші орынға – 350 000 теңге. Жас санаттары бойынша (10 км және 21,1 км), сондай-ақ экиден эстафетасындағы жеңімпаздар серіктестерден сыйлықтар алды.
Дүйсенбі күні, 18 сәуірде 2022 жылдың 25 қыркүйегінде өтетін "Алматы марафонына" тіркелу ашылады. Жарыс қашықтықтары: 42,2 км, 21,1 км, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және экиден эстафетасы. «Алматы марафоны» аясында марафон (42,2 км) және 10 км-ге жүгіру бойынша Қазақстан Чемпионаты өтеді.