Қазақстан ашық чемпионатында бақ сынайтын Алматы хоккей клубының атауы өзгереді. Команда келер маусымнан бастап мұз айдынға Жолбарыс болып шығады. Өзгерістер мен команда ребрендингіне қатысты клуб басшылығы арнайы баспасөз жиынын өткізіп, тілшілер мен жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ команда қатарына қосылған жаңа ойыншылар мен жаңа спорттық жейдесін таныстырды. Жолбарыс деп аталу себебін де түсіндіре кетті. - Қайрат командасының атауын естісеңіз, Алматы футболы көз алдыңызға елестейді. Ал Алматы хоккей клубы жайлы айтқанда, қаланың көрікті жерлері көз алдымызға келетін секілді. Сондықтан да келер маусымнан бастап клуб атауын Жолбарыс деп өзгертеміз. Клуб атауы жайдан-жай таңдалған жоқ. Команда жанкүйерлерінің пікірлері ескеріліп барып таңдалды. Тұран барысын клуб брендіне айналдырмақпыз. Одан өзге клубтың спорттық жейдесін де өзгерттік. Үш маусым ойнаған жейдені өзгертуге түсіністікпен қараған Қазақстан хоккей федерациясына алғысымызды білдіреміз, - деді клуб директоры Дидар Сағадиев. Басты мақсат - ҚХЛ Әлемде беделі жоғары Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) Қазақстаннан Барыс қана бар. Болашақта бұл қатарды алматылық клуб толықтырғысы келеді. Дегенмен әлі де уақыт керек. - Мақсатымызға келетін болсақ, алда Жоғарғы хоккей лигасына, одан кейін ҚХЛ-ға шығу жоспарда бар. Бірақ мұның барлығы бір-ақ күнде болмайды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Қазір байқасаңыздар, команданың барлығы дерлік жастар. Ертең олар команданың нағыз тірегіне айналатынына сенемін. Одан өзге клубтың фан-клубы құрылды. Осы жылдан бастап қолдаушы чирлидер қыздар да жұмысын бастады, - деді Дидар мырза. Алматылық хоккей ұжымы клуб инфраструктурасын кеңейтіп, жас жеткіншектердің де осы спорт түрімен шұғылдануына барынша жағдай жасамақ. Қазіргі таңда жасөспірімдер үшін қатысу ақылы болса, жастар командасы клуб қаражаты негізінде дайындалып жарыстарға қатысып келеді. Дидар Сағадиевтің айтуынша, алдағы уақытта жасөспірім балалар үшін клуб серіктестесі атанған (Yokohama) компания жеңілдік (20 %) жасайтын болады. Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы хоккей клубы Қазақстан ашық чемпионатында 33 ұпаймен 7-орында келеді. Сенбі және жексенбі күндері жаңа спорттық жейдемен мұз айдынға шыққан клуб Өскеменнің Торпедо 2 командасын екі күнде де ( 2:0, 5:3) ұтып, жанкүйерлерін қуантты.