«Алматы Арена» Алматы күні ашылды
«Алматы Арена» мұз айдынының ашылу салтанатына 10 мыңға жуық көрермен жиналды. 2017 жылғы Универсиаданың ашылу салтанаты өтетін алаңда алғаш болып қаланың 1000 жылдық мерекесі аталып өтіп, Алматының 25 шыңы» атты концерт ұйымдастырылды. Роза Рымбаева, Мәдина Сәдуақасова, Ерболат Құдайбергенов, Қайрат Нұртас, «Дос-Мұқасан» мен «Жігіттер» тобы, және өзге де эстрада жұлдыздары жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шараға арнайы келген Елбасы қала халқын арнайы құттықтап, 1000 жылдығы тойланып жатқан Алматы мерекесінің мәні мен маңызына тоқтала кетті.
- Алматы қаласының 1000 жылдығын бүкіл Қазақстан тойлап жатыр. Қарт Алатаудың бөктері талай тарихи оқиғалардың куәгері болды. Бұл жерден Ұлы Жібек жолы өтті. Ол Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті, ұланғайыр Еуразияны жалғаған алғашқы бүкіл адамзаттық сауда жолы еді. 550 жыл бұрын Жетісу өркениеттің орталығы болды.
ХХ ғасырда да Алматы ерекше рөл атқарды. 1929 жылы ол Қазақстан астанасы болды. Біртіндеп миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Қазақ елінің Тәуелсіздігіне осында қол қойдым. Қазақстан Халықтар Ассамблеясы осында құрылды. Сол себепті де қаланың 1000 жылдығын ел болып Отанымыз тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен қатар тойлап жатқанымыз символдық мәні бар дүние», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгін Елбасы Атлетикалық ауыл атты объектіні де аралап көрді. Ол 5 мың спортшы мен делегация мүшелерінің тұруына лайықталған тұрғын үй кешенінен тұрады.
Айта кетейік, 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматы қаласында 2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Студенттер ойынында 55 мемлекеттен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
«Алматы Арена» - Орталық Азияда теңдесі жоқ кешен, ол жалпы әлем бойынша техникалық тұрғыдан үздік жабдықталған айдындар қатарында. Кешен үш блоктан тұрады: мұз айдыны, жаттығу айдыны және жүзу бассейні. Мұз айдыны 12 мың орынға есептелген, мұнда қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты, сондай-ақ шорт-трек конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау және хоккей жарыстары өтеді.