Джакарта мен Палембангта өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны сегізінші алтын медальмен толықты. Көркем гимнастикадан жекелей сайыста Алина Әділханова топ жарды. Қазақстандық спортшы жекелей сындағы төрт жаттығу (шеңбер (обруч), доп, таяқ (булава) және таспамен (лента)) қорытындысы бойынша 66,500 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды. Күміс медальды Өзбекстан спортшысы Сабина Ташкенбаева (65,850) иеленді. Қола жүлдеге қытайлық Ятинг Жао (65,550) қол жеткізді. Алина Әділханова XVIII жазғы Азия ойындарында екінші алтынын иеленді. Отандасымыз кеше командалық сайыста барын салып, қазақ елінің абыройын асырған еді. Жекелей сайыста Адиля Тілекенова да жарыс жолына шыққан болатын. Ол 57,250 ұпай жинап, 24 қатысушының арасында 9-орын алды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 8 алтын 8 күміс 29 қола медальмен жалпы есепте 10-орында келеді.