Әлемдегі ең қарт марафоншы
Жыл сайын Гонконг қаласында өтіп тұратын «Standart Chartered Hong Kong Marathon» атты жарыста Фауджа Сингх өзінің соңғы қашықтығын жүгіріп өтті. Фауджа он шақырымдық қашықтықты 1 сағат 33 минут 28 секундта бағындыра білген.
Үндістанда туып-өскен, алайда, қазір Лондон қаласында өмір сүретін қарт спортшы «90 жас және жоғары» және «100 жас және жоғары» категориялары бойынша көптеген әлем рекордтарын жаңартқан.
Спортшылар арасында Фауджа Сингх «Сәлдедегі құйын» ретінде танымал. Бірақ, қария мұндай лақап атқа еш ренжімейді-міс.
Алғаш рет марафонға Фауджа Сингх осыдан 12 жыл бұрын қатысқан екен. Сонымен қатар, ол Лондон және Афина қалаларының Олимпиада алауының эстафеталарына да қатысты.
Алайда, өкінішке орай, ең қарт марафоншы Гиннесс рекордтар кітабына енгізілбеген. Себебі, спортшыда оның туған күнін куәландыратын ешқандай ресми құжат сақталмапты.
Бұдан былай Фауджа Сингх спорт жарыстарына қатыспайтын болғанымен, күн сайын 15 шақырым жүгіріп тұру әдетінен айырылуды ойлар емес.
Фауджа Сингхтің спорт әлеміне келу тарихын айтар болсақ, қарт кісі өзінің жары мен баласының өлімінен соң, осындай шешімге келіпті.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: moesoznanye.ru